Қызылордада үздік бастауыш кәсіподақ төрағаларына құрмет көрсетілді

Салалық және өңірлік жаңалықтар 29.06.2026

Қызылордада үздік бастауыш кәсіподақ төрағаларына құрмет көрсетілді

Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығында білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағына қарасты бастауыш ұйым төрағаларын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. 

Жиын барысында аймақтағы кәсіподақ қозғалысын өркендетуге күш салып, еңбек адамдарының әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда белсенділік танытқан жандардың елеулі еңбегі ерекше атап өтілді.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атынан Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілеріне «Жаңақорған» шипажайына 10 күндік емдік-сауықтыру жолдамаларын табыс етті. Көпшілік алдында еңбегі еленген бұл марапатқа Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі мен Қызылорда қаласындағы №217 мектеп-лицейінің кәсіподақ көшбасшылары ие болды.

Мұнымен қоса, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, ерекше белсенділік көрсеткен 12 бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы марапатталды. 

Олар Қызылорда облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен Алматы облысының көрікті табиғат аясында өтетін үш күндік туристік-танымдық сапарға жолдама алды.

Салтанатты шара аясында кәсіподақ белсенділерінің қоғамдық қызметі мен ұйым жұмысын ілгерілетуге қосқан үлесіне жоғары баға берілді. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ынталандыру шаралары бастауыш ұйымдардың жұмысын ширатуға, кәсіподақ мүшелерінің белсенділігін арттыруға және еңбек адамының құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандыруға септігін тигізбек.