Халықаралық семинар: Кәсіподақтар Жасанды интеллектің еңбек саласына әсерін талқылауда

Федерация жаңалықтары 29.06.2026

Халықаралық семинар: Кәсіподақтар Жасанды интеллектің еңбек саласына әсерін талқылауда

Дүйсенбі, 29 маусым күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева бастаған ҚРКФ делегациясы халықаралық семинарға қатысты. «Жұмыс орнына жасанды интеллектіні енгізу және оның еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасына әсері» тақырыптағы семинарды Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесі Фридрих Эберт қорымен бірлесе ұйымдастырған.

Аталған жиын аясында әлемнің 50-ге жуық елінен келген халықаралық сарапшылар мен ұлттық кәсіподақ орталықтарының жетекшілері маңызды мәселені талқылады. Олар өндіріске инновацияларды енгізу мен жұмысшылардың негізгі еңбек құқықтарын сақтау арасындағы тепе-теңдікті қалай қамтамасыз ету керектігі төңірегінде ой бөлісті.

 

Сарапшылардың пікірінше, заманауи технологиялар өндірістегі жарақаттану көрсеткішін айтарлықтай төмендете алады. Оған интеллектуалды бақылау жүйелері, компьютерлік көру, болжамды аналитика және роботтандырылған кешендерді қолдану арқылы қол жеткізуге болады.

Дегенмен, жиында айтылғандай, цифрлық жүйеге көшудің өзіндік жаңа қиындықтары мен қатерлері де бар. Мәселен, жұмысшыларды адам емес, компьютерлік бағдарламалар арқылы басқару, қызметкерлердің жеке деректерін қорғау, психологиялық қысымдар және жасанды интеллектіні қолдануды заң жүзінде реттеу қажеттілігі туындап отыр.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева еліміздің цифрлық заманда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы өзіндік тәсілдері мен ұстанымдарын таныстырды.

 

Ұлттық сессия аясында баяндама жасаған Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева Қазақстан үшін еңбек қауіпсіздігі саласына жасанды интеллектіні енгізу — ең алдымен жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау мәселесі екеніне назар аударды.

 

«Жасанды интеллект туралы сөз қозғағанда, технологияларды, алгоритмдер мен цифрлық шешімдерді талқылауға тым беріліп кету оңай. Бірақ қарапайым жұмыскер үшін қауіпсіздік ұғымы әлдеқайда қарапайым: ол таңертең жұмысқа кетіп, кешке үйіне аман-есен оралуы тиіс. Өндірісті кез келген цифрлық жаңғырулың негізінде дәл осы қағидат жатуы керек. Қазақстан үшін жасанды интеллектіні енгізу — технологиялық трендке ілесу емес, адам өмірін сақтап қалу мәселесі», — деп атап өтті Гүлнәр Жұмагелдиева.

 

Ол өндірістік жарақаттану мәселесінің өзектілігін айғақтайтын ресми мәліметтерді алға тартты. Қазақстан кәсіпорындарында жыл сайын 1 000-нан астам жұмыскер өндірістік жарақат алса, оның ішінде 200-ге жуық адам еңбек міндеттерін атқару барысында қаза табады. ҚРКФ Төрағасы орынбасарының айтуынша, дәл осы себепті цифрлық технологиялар тек еңбек өнімділігін арттыру құралы ретінде емес, бірінші кезекте жазатайым оқиғалардың алдын алу механизмі ретінде қолданылуы тиіс.

Өз сөзінде Гүлнәр Жұмагелдиева еліміздің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарында цифрлық технологияларды енгізудің іс-тәжірибесімен бөлісті.

 

«Бүгінгі таңда Qarmet, Kazakhmys, Kazzinc және "ҚазМұнайГаз" кәсіпорындарында жеке қорғану құралдарының қолданылуын автоматты түрде қадағалау мақсатында компьютерлік көру технологиялары, өндірістік процестердің интеллектуалды бейне-талдамасы, сондай-ақ қызметкерлердің жер астында орналасуын анықтау жүйелері енгізілген. Бұл шешімдер қауіпсіздік талаптарының бұзылуын анықтауға, қауіпті жағдайлардың алдын алуға және төтенше оқиғалар кезінде жұмыскерлердің орналасқан жерін жедел анықтауға мүмкіндік береді. құтқару жұмыстарына кететін уақытты барынша қысқартуға көмектеседі », — деді ол.

 

Сонымен қатар, ҚРКФ Төрағасының орынбасары жасанды интеллект жаңа мүмкіндіктермен қатар заңнамалық реттеуді және тұрақты қоғамдық бақылауды талап ететін жаңа тәуекелдерді қалыптастырып отырғанын баса айтты.

 

«Бағдарламалық қателіктер, кибершабуылдар, еңбек өнімділігін роботтың бағалауы, жұмысшыларды цифрлық тұрғыдан тынымсыз аңду және жеке мәліметтерді өңдеу еңбек саласына мүлдем жаңа ауыртпалықтар әкелді. Осы орайда заңды сұрақ туындайды: егер адам емес, бағдарлама қателессе, зардабына кім жауап береді? Міне, дәл осы себепті кәсіподақтар кәсіпорындарды цифрландыру жобаларына басынан бастап қатысуы керек. Олар жұмысшының тағдыры мен еңбек жағдайына әсер ететін бағдарламалық жүйелердің ашық әрі әділ болуын талап етуі тиіс », — деді Гүлнар Жұмагелдиева.

Ол сондай-ақ Қазақстанда қауіпсіз цифрлық еңбек ортасын қалыптастыру бағытында іске асырылып жатқан шараларға тоқталды.

«Елімізде қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылуда. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Жасанды интеллектіні қолдану кезінде жұмысшылардың құқықтарын қорғау стандартын әзірледі. Сондай-ақ ұжымдық шарттарға тиісті ережелерді енгізу туралы нұсқаулықтар дайындап, кәсіподақ бақылауының жаңа бағыты — еңбек жағдайларына цифрлық сараптама жасау ісін қолға алды. Біз тек үйреншікті өндіріс жағдайларын ғана емес, жұмысшының күнделікті еңбегіне тікелей әсер ете бастаған компьютерлік алгоритмдерді, цифрлық платформалар мен басқару жүйелерін де міндетті түрде тексеруден өткізу керек деп есептейміз », — деп атап өтті ҚРКФ Төрағасының орынбасары.

Баяндамасын қорытындылай келе, Гүлнәр Жұмагелдиева халықаралық еңбек талаптары сақталып, өзара түсіністік орнағанда және цифрлық өзгерістер кезінде басты назарда технология емес, қарапайым еңбек адамы тұрғанда ғана жасанды интеллект сенімді құрал бола алатынын жеткізді.

Еңбек саласында жасанды интеллектіні қолдану тәжірибелері мен тәсілдерімен Армения, Италия және Швеция кәсіподақтарының өкілдері де бөлісті. Қатысушылар жұмыс орындарында ЖИ пайдалануды реттеудің қолданыстағы тетіктерін таныстырды, цифрлық технологияларды енгізу кезіндегі әлеуметтік диалогтың рөлі туралы айтып берді, сондай-ақ цифрлық трансформация жағдайында қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау шараларын талқылады.

Семинар барысында Фридрих Эберт қорының «Еңбек болашағы» жобасының жетекшісі Инга Сабанова жұмыс орындарында жасанды интеллектіні қолданудың физикалық және психоәлеуметтік тәуекелдері туралы баяндады. Ол алгоритмдік басқарудың, цифрлық бақылаудың және өндірістік процестерді автоматтандырудың жұмыскерлер денсаулығына тигізетін әсерін қарастырып, жасанды интеллект технологияларын әзірлеу мен енгізу кезінде гендерлік ерекшеліктерді ескеру қажеттігін атап өтті.

Талқылауды белгілі халықаралық ұйымдардың өкілдері ары қарай жалғастырды. Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының өкілі Сикс Силберман цифрлық жүйелердің ашықтығы, жұмысшы құқығын қорғау және бұл өзгерістерді реттеудегі кәсіподақ рөлін арттыру мәселелеріне тоқталды.

Халықаралық еңбек ұйымының ACTRAV Еңбекшілер ісі жөніндегі бюросының өкілі Антонио Дж. Робало дос Сантос жиынға қосылып, жасанды интеллектіні еңбек саласында қолданудың халықаралық ережелерін таныстырды. Ол жаңа технологияларды енгізу кезінде әлемдік еңбек стандарттары мен ортақ диалогтың маңызы зор екенін атап өтті.

Еуропалық кәсіподақтар институтының сарапшысы Аида Понсе Дель Кастильо Еуропа елдерінің тәжірибесімен бөлісті. Ол цифрлық қауіп-қатерлерді бағалау, жұмыс берушілердің жауапкершілігі және жұмысшыларды қорғау тетіктерін жасауға кәсіподақтардың тікелей араласуы керектігін айтты.

Еуропалық еңбек қауіпсіздігі және денсаулық сақтау агенттігінің (EU-OSHA) өкілі Маурицио Куртарелли бейнебайланыс арқылы цифрландырудың жұмыс жағдайына әсері туралы зерттеу нәтижелерін көрсетті. Ол жасанды интеллектіні қолданудан туындайтын жаңа кәсіби аурулар мен қауіптердің алдын алудың заманауи жолдарын баяндады.

Семинар соңында қатысушылар халықаралық байланысты нығайту, ең үздік тәжірибелерді бірге қолдану және еңбек нарығы тез өзгеріп жатқан заманда жұмысшылардың құқықтарын қорғаудың ортақ ережелерін әзірлеу қажет деген бір ауызды шешімге келді.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы