Бүгін Кәсіподақтар үйінде Ақмола облыстық кәсіподақтар ұйымының жетекшісі Қали Рахметовтің төрағалығымен жұмыс тобының жиыны өтті. Онда Көкшетау қаласындағы құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың өмірін қорғау талаптарының қаншалықты сақталып жатқаны талқыланып, соңғы тексерулердің алғашқы қорытындылары қаралды.

Арнайы топ құрылған күннен бастап облыс орталығындағы бес бірдей құрылыс нысанын аралап шықты. Бұл рейдтер кезінде мамандар қауіпсіздік ережелерінің сақталуына, жұмысшыларға арнайы киім мен қорғаныш құралдарының берілуіне, еңбек шарттарының бар-жоғына, өндірістік кеңестердің жұмысына, сондай-ақ жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін жасалып жатқан шараларға ерекше назар аударды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы жұмыс тобының жетекшісі, облыстық Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Фаим Джумабеков баяндады. Өз сөзінде ол бұл тексерулердің басты мақсаты — компанияларға бірден айыппұл салып, жазалау емес, жұмыс берушілер мен жұмысшыларға бағыт-бағдар беру, ережелерді түсіндіру және құрылыс алаңдарында жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру екенін айтты.
Тексеру қорытындысы бойынша құрылыс компанияларының басшыларына анықталған кемшіліктерді тез арада түзету және қауіпсіздік жүйесін жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар берілді. Айта кетерлігі, жұмыс берушілер бұл ескертулерге түсіністікпен қарап, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін көрсетті. Олар қателіктерді түзету үшін бірден іске кірісті. Атап айтқанда, жұмысшыларды қажетті қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етіп, еңбек жағдайын жақсартуды қолға алды.

Жиынға қатысушылар қауіпсіз еңбек ортасын құру — мемлекет, бизнес және жұмысшының ортақ міндеті екенін атап өтті. Тек жұмыла әрекет еткенде ғана өндірістегі жарақаттарды азайтуға, адам өмірі мен денсаулығын сақтауға және әр жұмыс орнында жоғары қауіпсіздік мәдениетін орнықтыруға болатынын алға тартты.
Жұмыс тобы бұл бағыттағы рейдін алдағы уақытта да жалғастыра береді. Сондай-ақ, істің ашықтығын қамтамасыз ету және халықты құлағдар етіп отыру үшін, келесі құрылыс нысандарын тексеруге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін де қатыстыру туралы шешім қабылданды.
Қауіпсіздікті алдын ала ойлау, ашық сөйлесу және ортақ жауапкершілік — қауіпсіз жұмыс ортасын құрудың басты кепілі. Мұндай бірлескен жұмыс форматы ереже бұзушылықтарды дер кезінде тауып, жоюға, қауіпсіздік деңгейін көтеруге және әр жұмысшының амандығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.