Сейсенбіде, 30 маусымда, Ереван қаласында Халықаралық кәсіпорындар конфедерациясы Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (ХКК БЕАК) Жазғы мектебі өз жұмысын бастады. Халықаралық сарапшылар алаңында ұлттық кәсіподақ орталықтарының жетекшілері, халықаралық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен сарапшылары еңбек саласын дамытудың, қызметкерлердің құқықтарын қорғаудың және халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығын нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады.

Жазғы мектепте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атынан ҚРКФ Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева бастаған делегация өкілдік етуде. Олар форумның жалпы отырыстарда, тақырыптық пікірталастары мен сарапшылық сессияларына қатысуда.
Жазғы мектептің бағдарламасы бес стратегиялық бағытты қамтиды: технологиялық өзгерістер мен жасанды интеллектінің еңбек саласына тигізетін әсері, әлеуметтік диалогтың жай-күйін қадағалау және кәсіподақ құқықтарын қорғау, тұрақты бейбіт өмірдің кепілі ретінде лайықты еңбек идеясын алға жылжыту, кәсіпорындарды қайта құрылымдау шаралары мен дағдарыстық жағдайларға әрекет ету. Сонымен қатар ұйымға мүше мекемелерді Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының 2027 жылғы Конгресіне және Халықаралық еңбек ұйымының Еуропалық аймақтық кездесуіне даярлау мәселесі де бағдарламаға енген.
.jpeg)
Жұмыстың алғашқы күні БЕАК Президенті Игорь Зубкудың, Армения Ұлттық кәсіподақтар конфедерациясының Президенті Элен Манасерянның, ХЕҰ Еңбеккерлер қызметі жөніндегі бюросының (ACTRAV) директоры Оливер Рёпкенің және Біріккен Ұлттар Ұйымының Армениядағы Тұрақты үйлестірушісі Франсуаза Жакобтың құттықтау сөздерімен ашылды.
БЕАК Президенті Игорь Зубку Жазғы мектептің кәсіподақ ұйымдары арасында іс-тәжірибе алмасуға арналған негізгі халықаралық алаңдардың бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Біздің басты мақсатымыз — ең үздік тәжірибелерді бір арнаға тоғыстыру, бүгінгі заман тудырған қиындықтарды бірлесіп шешудің жолдарын табу және аймақтағы кәсіподақтардың бірлігін нығайту. Тек жұмыла көтерген жүк қана жеңіл болмақ, осылай ғана тез өзгеріп жатқан заманда жұмысшылардың мүддесін қорғап, әлеуметтік байланысты дамыта аламыз», — деді ол.

БЕАК Бас хатшысы Эстер Линч «Болашаққа көзқарас» атты негізгі баяндамасын жасап, жаһандық өзгерістер тұсында халықаралық кәсіподақ қозғалысын ілгерілетудің басым бағыттарын көрсетті.
«Бүгінде кәсіподақ қозғалысы тек орын алып жатқан өзгерістерге жауап қатып қана қоймай, еңбек саласының болашағын қалыптастыруға да белсенді қатысуы тиіс. Цифрлық трансформация, жасанды интеллект және жұмыспен қамтудың жаңа үлгілері әлеуметтік диалог, қызметкерлер құқықтарын құрметтеу және еңбек адамының құндылығын сақтау қағидаттарына негізделген бірлескен шешімдерді талап етеді», — деді Эстер Линч.
Сарапшылық сессиялар аясында қатысушылар цифрландырудың еңбек нарығына әсерін, платформалық жұмыспен қамтуды реттеудің болашағын, ұжымдық еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін, сондай-ақ халықаралық еңбек стандарттарына, соның ішінде ХЕҰ-ның № 205 ұсынысына сәйкес лайықты еңбекті қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың рөлін талдауда.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, технологиялық даму еңбек құқықтарының сақталуын, қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруды және үздіксіз білім алуға жағдай жасауды қамтамасыз ететін реттеу тетіктерімен қатар жүруі керек.
.jpeg)
Жазғы мектептің жұмысы шілденің 1-інде де жалғасады. Жиынға қатысушылар технологиялық өзгерістер заманында қоғам мен еңбек адамдары арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға арналған нақты ұсыныстар мен аймақтық іс-қимыл жоспарларын әзірлеуге кіріседі.

Еске сала кетейік, 2025 жылы Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің Жазғы мектебін өз елінде өткізген болатын. Бұл халықаралық форум шілденің 9–10-ы күндері Астана қаласында өтті. Шара Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен және Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясымен бірлесіп ұйымдастырылды. Оған Еуропа мен Азияның 50-ден астам елінің кәсіподақ жетекшілері мен сарапшылары қатысып, бүгінгі еңбек нарығындағы басты қиындықтарды, жұмыс орнындағы теңдік пен әлеуметтік диалогты дамыту мәселелерін талқылаған еді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы