Батыс Қазақстанда салалық кәсіподақтың 30 жылдығы атап өтілді

Салалық және өңірлік жаңалықтар 30.06.2026

Батыс Қазақстанда салалық кәсіподақтың 30 жылдығы атап өтілді

Батыс Қазақстан облысында Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының 30 жылдығына арналған «Кәсіподақ күші – бірлікте!» республикалық челленджі аясында кеңейтілген салтанатты кеңес отырысы өтті.

Мерейтойлық челлендж эстафетасы аясында өткен салтанатты кеңес отырысына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы Меңдіғалиев, Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Мұсаұлы Қамбетов, БҚО Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Оразқызы Есекенова, сала ардагерлері, мекеме басшылары мен кәсіподақ мүшелері қатысты.

Жиын барысында Қайыржан Ермекұлы Меңдіғалиев облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Төреғалиевтің атынан мерейтойлық құттықтау хатын жеткізіп, кәсіподақ ұйымының еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті нығайту және қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтаудағы маңызды рөліне тоқталды.

Сондай-ақ облыс әкімінің атынан мерейтойлық сый-сияпат табыстап, ұйым ұжымына толағай табыс пен жаңа жетістіктер тіледі. 

Өз кезегінде Медхат Мұсаұлы Қамбетов пен Айгүл Оразқызы Есекенова құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақтың қоғамдағы орны мен әлеуметтік әріптестікті дамытудағы маңыздылығына тоқталып, мекеме басшылары мен кәсіподақ төрағаларына марапаттар табыстады.

Салтанатты кеңесте Қазақстандық салалық кәсіподақтың Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Айдар Тапашұлы Батырханов «30 жылдық даму жолы: жетістіктер мен жаңа міндеттер» тақырыбында баяндама жасап, ұйымның атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларын таныстырды.

Мерейтой аясында саланың дамуына және кәсіподақ қозғалысына сүбелі үлес қосқан бірқатар қызметкерлер мен кәсіподақ белсенділері «Еңбек даңқы», «Спорт саласының кәсіподақ үздігі», «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі», «Салалық кәсіподаққа – 30 жыл» төсбелгілерімен, сондай-ақ Қазақстандық салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Кеңес отырысында сөз алған Ғ.Құрманғалиев атындағы академиялық филармонияның басшысы Бауыржан Халиолла салалық кәсіподақтың 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, филармониядағы 300-ге жуық мүшесі бар бастауыш кәсіподақ ұйымы бұл айтулы датаны өз ұжымында кең көлемде атап өтетінін жеткізді. 

Сонымен қатар, ол кәсіподақ ұйымының қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғаудағы, еңбек ұжымындағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.

Мерейтойлық іс-шараның көркін облыстың өнер майталмандары мен жас орындаушыларының концерттік бағдарламасы аша түсті. Қазақ өнерінің жауһар туындылары орындалып, қатысушыларға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.

30 жылдық мерейтой – бұл салалық кәсіподақтың еңбек адамының құқығын қорғау, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту және бірлік пен ынтымақтастықты дамыту жолындағы жемісті жұмысының жарқын көрінісі. Алдағы уақытта да ұйым өз мүшелерінің заңды мүдделерін қорғау және әлеуметтік әріптестікті дамыту бағытындағы қызметін жүйелі түрде жалғастыра береді.