16 шілде, бейсенбі күні «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Шығыс Қазақстан облысы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен онлайн-кездесу өткізді.

Жиынның басты тақырыптары - «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» атты бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқанды жүзеге асыру, еңбек заңнамасын жетілдіру, бастауыш кәсіподақ ұйымдарын дамыту және ұжымдық-шарттық реттеуді нығайту болды.
Талқылауға «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов, Шығыс Қазақстан облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, мемлекеттік мекеме басшылары мен өңірдегі еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты.

Кездесуді ашқан Темірбек Қасымжанов «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы кәсіподақ белсенділерімен тікелей байланысуға мүмкіндік беретін тиімді алаң екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама еңбек ұжымдарындағы өзекті мәселелерді уақытылы анықтап, бірлескен шешімдерді әзірлеуге септігін тигізеді.
Өскемен қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Анжела Мосесянц ұжымдық-шарттық жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Ол бұл бастауыш ұйым мекеменің барлық 35 қызметкерін біріктіріп отырғанын жеткізді. Ұжымдық шарттың арқасында қызметкерлер кеңейтілген әлеуметтік кепілдіктерді иемденіп отыр. Оның ішінде сауықтыру жәрдемақысы, қосымша ақылы демалыстар, материалдық көмек, сондай-ақ жас отбасылар мен еңбек ардагерлерін қолдау шаралары бар.

Сұхбат барысында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары салалық және республикалық деңгейде шешілуі тиіс мәселелерді көтерді. Олардың қатарында жалақыны жыл сайын индекстеу, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін жетілдіру, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1193 қаулысының жекелеген ережелерін қайта қарау, мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін кеңейту, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік тетіктерін дамыту бар.
Еңбек ұжымдарында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін одан әрі күшейту жөніндегі бастаманы «Шығыс Қазақстан облысының Еңбек мобильділігі орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мақпал Мағазбекова көтерді. Ол қызметкерлердің еңбек құқықтарын күнделікті қорғауды және сындарлы әлеуметтік диалогты қамтамасыз ететін кәсіподақ қозғалысының негізгі буыны дәл осы бастауыш ұйым болып қала беретінін баса айтты.

«Қызмет» салалық кәсіптік одағының төрағасы Мирболат Жақыпов кездесуге қатысушыларды мемлекеттік және азаматтық мекеме қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

«Бүгінде салалық кәсіподақ 103 мыңнан астам қызметкердің басын қосып отыр. Бастауыш ұйымдар неғұрлым мықты болса, еңбек адамының құқықтары да соғұрлым тиімді қорғалады, мемлекеттік деңгейде шешім қабылдау кезінде кәсіподақтың дауысы да соғұрлым салмақты болады. Кәсіподақтардың жүйелі жұмысы ғана қызметкерлердің мүддесі үшін нақты өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Мирболат Жақыпов.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева жиынға қатысушыларды «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқанын жүзеге асырудың негізгі бағыттарымен таныстырды.

Ол бұл науқанның кәсіподақтардың беделін нығайтуға, кәсіподақ ынтымақтастығын арттыруға, бастауыш ұйымдар институтын дамытуға, лайықты еңбек құндылықтарын ілгерілетуге, кәсіподақ қызметін цифрландыруға және жастарды кәсіподақ қозғалысына тартуға бағытталғанын атап өтті. Науқан аясында бес негізгі жоба жүзеге асырылуда: «Кәсіподақ көмектеседі», «Кәсіподақ жаныңда», «Еңбек адамы», «Жастар және еңбектің болашағы» және «Қуатты бастауыш ұйым». Бұл жобалар еңбекті қорғау, құқықтық көмек көрсету және азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күндерін өткізуді, кәсіподақ белсенділерін оқытуды, үздік тәжірибелермен алмасуды және кәсіподақ мүшелеріне арналған цифрлық қызметтерді кеңейтуді көздейді.
Гүлнәр Жұмагелдиева Кәсіподақтар федерациясының заң шығару қызметінің нәтижелеріне ерекше тоқталып өтті. Ол КРКФ бастамасымен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың өкілеттіктерін күшейтуге, еңбек қатынастарын азаматтық-құқықтық шарттармен алмастыруға жол бермеуге, үстеме жұмыс, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін толық көлемде ақы төлеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ уақытша жұмыста болмаған қызметкерлердің орнын басу кезіндегі ақы төлеу шектеулерін жоюға бағытталған өзгерістер енгізілгенін баса айтты.
Бұдан бөлек, Кәсіподақтар федерациясы жалақыны міндетті түрде индекстеуді заң жүзінде бекіту және бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмысын жалғастыруда.
«Қуатты бастауыш кәсіподақ ұйымы — қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын тиімді қорғаудың негізі. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы бастауыш ұйымдардың құқықтық, ұйымдастырушылық және кадрлық әлеуетін жүйелі түрде нығайтып, ұжымдық-шарттық реттеуді дамытып, еңбек адамының мүддесі үшін заңнаманы жетілдіріп келеді», - деп атап өтті Гүлнәр Жұмагелдиева.

Кездесуді қорытындылай келе, қатысушылар «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы кәсіподақ белсенділерімен тікелей тілдесудің, үздік тәжірибелермен алмасудың, заңнаманы жетілдіру мен әлеуметтік әріптестікті дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеудің қажетті алаңы болып қала беретінін атап өтті. Көтерілген бастамалар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен «Қызмет» салалық кәсіптік одағының бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін нығайту және еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тиімділігін арттыру жөніндегі алдағы жұмыстарында ескерілетін болады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы