Адамның ең үлкен байлығы - адал еңбегі мен елге сіңірген қызметі. Осындай азаматтардың бірі - Қазығұрт өңірінің тумасы, мемлекеттік қызмет саласында ширек ғасырға жуық уақыт табанды еңбек етіп келе жатқан Дархан Күлімов.
Дархан Нұрланұлы 1978 жылдың 1 қаңтарында бұрынғы Шымкент облысы Ленин ауданында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ жауапкершілік пен тәртіпті өмірлік қағидасына айналдырған ол 1985-1995 жылдары «Ленин» орта мектебінде білім алады. Кейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің заңтану факультетінде оқып, заңгер мамандығын игереді.
Заң саласын таңдауы - оның кәсіби жолын айқындаған маңызды шешім болды. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2007 жылы Қазығұрт ауылдық округі әкімі аппаратында заңгер ретінде бастаған жас маман аз уақыт ішінде өзінің білімділігімен, жауапкершілігімен және еңбекқорлығымен көзге түсті.
Кейін Қазығұрт аудандық Әділет басқармасында жетекші маман, бас маман қызметтерін атқарып, құқықтық актілерді тіркеу, заңнаманы түсіндіру және құқықтық қызметті ұйымдастыру бағытында мол тәжірибе жинақтады. Әріптестері оны заңды терең білетін, кез келген мәселені әділдік пен заң талаптарына сай шешуге ұмтылатын білікті маман ретінде бағалайды.
2008 жылдан бастап Қазығұрт ауданы әкімінің аппаратында заң кеңесшісі, заң және қаржы-шаруашылық бөлімшесінің меңгерушісі, кейін заң бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Осы жылдар ішінде ауданның құқықтық жұмысының сапасын арттыруға, мемлекеттік органдардың заң талаптарына сай қызмет етуіне өз үлесін қосты.
2021 жылдан бері Дархан Нұрланұлы Қазығұрт аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді. Бұл сала - халықпен тікелей жұмыс істеуді, әлеуметтік жауапкершілікті және үлкен ұйымдастырушылық қабілетті талап етеді. Оның басшылығымен әлеуметтік қолдау шараларының тиімді жүзеге асырылуына, жұмыспен қамту саясатының орындалуына және халықтың әлжуаз топтарына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Дархан Нұрланұлы үшін мемлекеттік қызмет - жай ғана мамандық емес, ел алдындағы жауапкершілік. Сондықтан әрбір қабылданған шешімнің артында адамның тағдыры тұрғанын жақсы түсінеді. Ол әрдайым заң үстемдігін, әділдікті және азаматтардың құқықтарын қорғауды басты қағида ретінде ұстанады.
Отбасында да Дархан Нұрланұлы - аяулы жар, көпбалалы әке. Жұбайымен бірге ұл-қыздарын еңбекқорлыққа, білімге, елін құрметтеуге тәрбиелеп келеді. Отбасының берекесі мен бірлігі оның қоғамдық қызметіне де күш-жігер береді.
«Еңбек адамын» дәріптеу - қоғамның басты құндылықтарының бірі. Дархан Күлімовтың өмір жолы - адал еңбек пен кәсіби жауапкершіліктің, мемлекетке қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі. Осындай азаматтардың қажырлы еңбегі елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен дамуына негіз болып қала береді.