Металлургтер күні аясында бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің еңбегі еленді

Салалық және өңірлік жаңалықтар 17.07.2026

Металлургтер күні аясында бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің еңбегі еленді

Металлургтер күні қарсаңында Ақтөбе ферроқорытпа зауытында салтанатты жиын өтіп, өндірістің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері марапатталды.
Мерекелік шараға Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қатысып, металлургтерді кәсіби мерекемен құттықтап, ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбек адамдарына алғысын білдірді.


Жиында өндірістегі ұзақ жылғы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін бірқатар кәсіподақ мүшелері жоғары марапаттарға ие болды. «Ақтөбе қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі Сенімділік, диагностика және инжиниринг бөлімінің бастығы Дмитрий Мочалин мен №2 балқыту цехының ферроқорытпа балқытушысы Серік Туғанбаевқа табысталды.


Қала әкімінің Алғыс хатымен салық бөлімінің сарапшысы Дмитрий Тюряев, теміржол цехының жүк түсірушісі Талғат Қазиев және №4 балқыту цехының ферроқорытпа балқытушысы Орынбасар Сүймұханов марапатталды.
Металлургия саласының дамуына қосқан үлесі үшін №2 балқыту цехының шебері Аслан Бисенғалиев пен №4 балқыту цехының шебер-технологы Бауыржан Қуатбаев «Еңбек даңқы» III дәрежелі салалық төсбелгісімен наградталды.


Сондай-ақ «ТҰК «Қазхром» АҚ» мен Eurasian Resources Group компаниясының марапаттары табысталды. «ERG еңбек даңқы үшін» төсбелгісі металлургиялық жабдықтарды жөндеу цехының слесарь-жөндеушісі Игорь Мягковқа берілді. «Үздік жас маманы» аталымын энергетика цехының жөндеуді ұйымдастыру жөніндегі маманы Асылбек Сарғузин иеленсе, «Үздік өндірістік шебер» аталымы №1 балқыту цехының ауысым шебері Нұрболат Өтегеновке бұйырды. Сонымен қатар бірқатар кәсіподақ мүшелері ERG компаниясының Алғыс хатымен, «Қазхром» АҚ-ның «Құрметті қызметкері» атағымен және бас директордың Құрмет грамотасымен марапатталды.
Іс-шараның ерекше сәті – кәсіпорынның Құрмет тақтасының салтанатты ашылуы болды. Құрмет тақтасын зауыт директоры Ержан Абдулабеков пен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мырзағұл Құлдыбаев ашты.


Биыл өндірістегі жоғары жетістіктері, адал еңбегі және кәсіби біліктілігі үшін 24 бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшесінің есімі Құрмет тақтасына енгізілді. Олардың қатарында №1 балқыту цехының ауысым шебері Қанат Жұмабаев, энергетика цехының сорғы қондырғыларының машинисі Айслу Айтжанова, №2 балқыту цехының ферроқорытпа балқытушысы Асанәлі Хамитов, қойма шаруашылығы учаскесінің менеджері Айнұр Нұркатова, теміржол цехының бағдарлау бекетінің кезекшісі Сания Мусина және басқа да өндіріс озаттары бар.


Еңбек адамын ардақтау, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, жетістіктерін дәріптеу – бастауыш кәсіподақ ұйымының басты міндеттерінің бірі.