Семей қаласының тарихи орталығында орналасқан Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде 70-ке жуық қызметкер жұмыс істейді. Бүгінгі «Еңбек адамы» айдарындағы арнайы материалымызды музейлік аудиодескрипция негіздерін меңгерген білікті маман Юлия Сивашоваға арнаймыз.
Жас маман Юлия 2021 жылдан бері музейдің көпшілік ағарту және маркетинг жұмысы бөлімінің кіші ғылыми қызметкері лауазымын абыроймен атқарып келеді. Өзінің кәсіби дағдысы мен жауапкершілігінің арқасында ол қысқа уақыт ішінде ұжымға жедел бейімделіп, бөлімнің толыққанды мүшесіне айналды.
Еңбек жолында Юлия Сивашова өзін тәртіпті, ұқыпты ғана емес, сонымен бірге бастамашыл әрі жауапты маман ретінде көрсете білді. Ол музейлік көрмелер мен көркем-музыкалық кештерді ұйымдастыруға белсене қатысады. Сонымен қатар «Қазақстан музейлерінде қолжетімді орта қалыптастыру: әлемді бірге ашамыз» жобасы аясында көзі нашар көретін және зағип балаларға арналған іс-шараларды өткізуге, «Музей түні» мен «Студияға қабылдау» сияқты маңызды жобаларға елеулі үлес қосты.
Юлия Валерьевна өз жұмысына ерекше ынтамен, жоғары жауапкершілікпен қарайды. Үнемі өзін-өзі жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында түрлі курстар мен тренингтерге қатысып тұрады. Маман «Жанды сабақтар» жобасы аясында экскурсия жүргізушілерге арналған тренингтен («Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Қалалық туризмді дамыту орталығы) өтіп, «Гид-экскурсовод мамандығы» мен «Экскурсияларды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі ережелері» атты оқу курстарын (Ішкі туризм онлайн академиясы, 2021 ж.) аяқтады. Бұдан бөлек, ол Көкшетау қаласының мәдени астана жылына арналған «Елдер достастығындағы музей тәжірибесі» халықаралық семинарына қатысты. Ал «Дара» қорының «Қазақстанда аудиодескрипцияны дамыту» жобасы аясында Қазақстандық аударма академиясында «Музейлік аудиодескрипция негіздері» курсын тамамдап, алған білімін бүгінде сәтті қолданып жүр.
Ол музейге келушілерге әрдайым ілтипат танытып, тыңдаушылар назарын баурап алады. Жоғары артистік қабілетінің арқасында көрмелердің театрландырылған ашылу салтанаттарына, танымдық-ойын-сауық бағдарламаларына белсене қатысып, түрлі образдарды шебер сомдайды. Оның дәрістері мазмұнды әрі қызықты болса, шығармашылық тренингтері тағылымға толы.
Айта кету керек, ол ұзақ уақыт бойы кәсіподақ комитетінің хатшысы қызметін атқарып, жүктелген міндеттерге адал қарау арқылы ұжымның зор құрметіне бөленді. Юлия Валерьевнаның елеулі еңбегі лайықты бағаланып, 2023-2024 жылдары Абай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен музей басшысының Алғыс хаттарымен, 2025 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Ұлттық музейінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Ал 2026 жылдың 29 маусымында Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының 30 жылдығына арналған «Кәсіподақ күші — бірлікте» форумында оған «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталды.