Қуатты бастауыш ұйым: Қызметкер мүддесі – кәсіподақ назарында

Салалық және өңірлік жаңалықтар 20.07.2026

Қуатты бастауыш ұйым: Қызметкер мүддесі – кәсіподақ назарында

Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ кәсіподақ ұйымы ұзақ жылдар бойы кітапхана қызметкерлерінің сенімді тірегі болып келеді. Ұйымның басты мақсаты – қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік-экономикалық және кәсіби құқықтарын қорғау, қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру, ұжымдағы әлеуметтік тұрақтылық пен корпоративтік бірлікті нығайту.

 

Кәсіподақ ұйымының төрайымы Шынар Мұратқызы Үстенбекованың айтуынша, бүгінгі таңда заманауи кәсіподақ тек қызметкерлердің құқықтарын қорғайтын ұйым ғана емес, сонымен қатар мекеменің дамуына белсенді үлес қосатын маңызды қоғамдық институтқа айналды. Кәсіподақ өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына, «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Ұжымдық шартқа сәйкес жүзеге асырып, еңбек ұжымының мүддесін жүйелі түрде қорғайды.

Ұйым қызметінде еңбек заңнамасының сақталуына, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерінің қамтамасыз етілуіне, еңбек қауіпсіздігіне, жас мамандарды қолдауға және кітапханашы мамандығының беделін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар әкімшілік пен еңбек ұжымы арасындағы сындарлы әлеуметтік әріптестікті дамыту да басым бағыттардың бірі болып саналады.

Шынар Мұратқызы кәсіподақ ұйымын он жылдан бері басқарып келеді.Оның айтуынша, бұл жауапты қоғамдық қызметті атқаруға ұжымды қолдауға, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға және олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосуға деген шынайы ниет себеп болған.Осы жылдар ішінде кәсіподақ өзара сенімге, ынтымақтастыққа және корпоративтік мәдениетті нығайтуға негізделген тиімді диалог алаңына айналды.

Кәсіподақтың күнделікті қызметінде қызметкерлердің түрлі өтініштері қаралады.Ең жиі көтерілетін мәселелердің бірі – Ұжымдық шартта қарастырылған әлеуметтік қолдау мен материалдық көмек көрсету.Қызметкерлер зейнеткерлікке шығу, сәби дүниеге келуі, баланың бірінші сыныпқа баруы, мерейтойлық даталар, жақын адамынан айырылу немесе өмірлік қиын жағдайларға тап болған кезде кәсіподақ тарапынан қажетті қолдау алады.Сонымен қатар еңбек заңнамасы, еңбек жағдайлары, демалыс беру тәртібі және еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша құқықтық кеңестер де тұрақты түрде көрсетіледі.

Қауіпсіз әрі жайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру – кәсіподақ қызметінің маңызды бағыттарының бірі.Бұл жұмыс мекеме әкімшілігімен бірлесіп жүзеге асырылады.Еңбекті қорғау талаптарының сақталуы, өрт қауіпсіздігі, заманауи жұмыс орындарын ұйымдастыру, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамалар өткізу және мерзімдік медициналық тексерулер ұйымдастыру мәселелері тұрақты бақылауда боладыСонымен қатар кәсіподақ еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі ұсыныстар енгізіп, қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек кепілдіктерінің сақталуын қадағалайды.

Кәсіподақ жұмысына қызметкерлердің белсенді қатысуы ұйым қызметінің ашықтығы, ұжыммен тұрақты байланыс және нақты көрсетілетін қолдау арқылы қамтамасыз етіледі.Кәсіподақ мәдени-көпшілік, спорттық және сауықтыру іс-шараларын ұйымдастырып, материалдық көмек көрсетеді, қызметкерлерді маңызды өмірлік оқиғаларымен құттықтайды, еңбек ардагерлері мен жас мамандарға ерекше қолдау білдіреді.Осындай нақты нәтижелер ұжымның кәсіподаққа деген сенімін арттырып, ортақ іске белсенді араласуына ықпал етеді.

Кәсіподақ ұйымы мен Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшылығы арасындағы өзара іс-қимыл әлеуметтік әріптестік, өзара құрмет және ашық диалог қағидаттарына негізделген.Еңбек қатынастары, еңбек жағдайлары және қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мәселелері қолданыстағы заңнама мен Ұжымдық шарт аясында бірлесіп қаралады. Мұндай өзара ынтымақтастық ұжымдағы өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге және тұрақты жұмыс ахуалын сақтауға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта кәсіподақ ұйымы қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шараларын одан әрі жетілдіруге, корпоративтік мәдениетті дамытуға және еңбекті қорғау жүйесін нығайтуға басымдық бермек. Сонымен қатар мәдени-көпшілік, спорттық және сауықтыру іс-шараларының аясын кеңейтіп, қызметкерлердің кәсіби бастамаларын қолдау, ұжымның ауызбіршілігін нығайту және әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

 

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Салалық кәсіподақтың бастамалары мен жобаларына белсенді қатысуға ерекше мән беріледі. Бұл тәжірибе алмасуға, қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, кәсіптік біліктілігін жетілдіруге, сондай-ақ кәсіподақ қозғалысының заманауи әрі тиімді жұмыс тәжірибесін енгізуге мүмкіндік береді. Алдағы кезеңде әлеуметтік әріптестікті одан әрі нығайту, ұжым мүшелерінің ұсыныстары мен бастамаларын қолдау, еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.

Шынар Мұратқызы соңғы жылдардағы ең маңызды жетістіктердің бірі ретінде Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қарқынды дамуын атап өтті.Мемлекет пен елорда әкімдігінің қолдауының арқасында кітапханалар желісі 18 мекемеден 25 кітапханаға дейін ұлғайды.Осы кезеңде жеті жаңа кітапхана ашылып, қолданыстағы кітапханалар жаңғыртылды, қызметкерлердің еңбек жағдайлары айтарлықтай жақсарды және жаңа жұмыс орындары құрылды. Бұл – кәсіподақ үшін қызметкерлердің кәсіби дамуына, еңбек ұжымының нығаюына және елорда тұрғындарына көрсетілетін кітапханалық қызмет сапасының артуына ықпал еткен маңызды жетістік.

Кәсіподақ төрайымының пікірінше, заманауи кәсіподақтың табысты жұмысының басты шарты – ұжымның сенімі, жұмыс берушімен ашық әрі сындарлы диалог және қызметкерлердің құқықтарын қорғаудағы жоғары жауапкершілік.Өзара құрмет пен әлеуметтік әріптестікке негізделген ынтымақтастық қана қызметкерлердің өзекті мәселелерін тиімді шешуге және ұжымның тұрақты әрі нәтижелі қызметіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.