Балалардың жазғы демалысына қолдау көрсетілді

Салалық және өңірлік жаңалықтар 21.07.2026

Балалардың жазғы демалысына қолдау көрсетілді

«Астана Су Арнасы» КММ қызметкерлерінің 30 баласы Ақмола облысы, Ақкөл ауданында орналасқан «Барап» балалар спорттық-сауықтыру орталығында көңілді де мазмұнды жазғы демалыс өткізді.

 

Қызметкерлер мен олардың отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған бұл игі бастама кәсіпорын мен кәсіподақ ұйымының бірлескен жұмысының нәтижесі болды. Соның арқасында ата-аналар жолдама құнының тек 50 пайызын ғана төлеп, қалған бөлігін кәсіподақ қаржыландырды.

Лагерь бағдарламасы балалардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталды. Олар спорттық жарыстарға қатысып, танымдық және шығармашылық іс-шараларда белсенділік танытты, табиғат аясында серуендеп, балық аулап, жаңа достармен танысты. Әр күн қызықты оқиғаларға, көтеріңкі көңіл күйге және жаңа әсерлерге толы болды.

 

Демалыс аяқталған соң ата-аналар балалардың қуанышты сәттері бейнеленген фотосуреттер мен бейнежазбалармен бөлісіп, осындай мүмкіндік жасаған кәсіпорын мен кәсіподақ ұйымына алғыстарын жеткізді. Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл күйі бұл демалыстың есте қаларлықтай өткенін көрсетті.

Балалардың жарқын балалық шағына қуаныш сыйлап, олардың денсаулығын нығайтуға және жан-жақты дамуына жағдай жасау – ортақ міндет. Осындай әлеуметтік бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, көптеген отбасыға қуаныш сыйлай береді деген сенім мол.