Еңбек адамының құқығы қорғалған жерде еңбекке деген сенім де, жауапкершілік те артады. Қызметкер өз еңбегінің бағаланатынын, қиын жағдайда жанынан табылатын ұйым бар екенін сезінгенде ұжымда тұрақтылық пен өзара құрмет қалыптасады. Сондықтан кәсіподақ – тек қоғамдық ұйым ғана емес, ол еңбек адамының құқығын қорғайтын, әлеуметтік қолдау көрсететін және ұжым мүшелерін ортақ мақсатқа біріктіретін сенімді серіктес.

Ақтөбе көпсалалы облыстық ауруханасы – еліміздің батыс өңіріндегі ең ірі медициналық ұйымдардың бірі. Мұнда 900-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Осындай үлкен ұжымда еңбек және әлеуметтік құқықтарды қорғау, қызметкерлердің мүддесін қорғау мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету ерекше жауапкершілікті талап етеді. Бұл міндеттерді ауруханадағы бастауыш кәсіподақ ұйымы жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Кәсіподақ ұйымының қызметі еңбек заңнамасының сақталуына ықпал етумен қатар, әлеуметтік қолдау көрсетуге, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға, қайырымдылық жұмыстарын өткізуге, еңбек ұжымының бірлігін нығайтуға бағытталған.
Соңғы бір жарым жылдың ішінде 200-ден астам қызметкерге материалдық көмек көрсетілді. Қолдау мерейтойлық жасқа толған қызметкерлерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүгедектікке байланысты, жерлеу рәсімдеріне және өзге де өмірлік қиын жағдайларда берілді. Бұл – кәсіподақтың әрбір қызметкердің әлеуметтік жағдайына бейжай қарамайтынының нақты көрінісі.
Кәсіподақ ұйымының қолдауымен 18 қызметкер Қазақстанның түрлі шипажайларында ем қабылдап, денсаулықтарын нығайтты. Олар «Көктем», «Сарыағаш», «Мерке», «Жаңақорған», «Бурабай», «Щучинск», «Манкент» және басқа да сауықтыру орындарында демалды. Бұл еңбек адамының денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды әлеуметтік қолдау.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру бойынша келісімшарттардың жасалуына ықпал ету де кәсіподақ жұмысының маңызды нәтижелерінің бірі болды. Бұл қызметкерлердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, олардың кәсіби қызметіне деген сенімін арттыра түсті.

Бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің салауатты өмір салтын ұстануына ерекше көңіл бөледі. Жазғы және қысқы спартакиадалар, спорттық жарыстар ұйымдастырылып, олардың денсаулығын нығайтуға, ұжымдағы ұйымшылдықты арттыруға жағдай жасалуда.
Ұжым мүшелерінің рухани дамуына да басымдық беріледі. Республика күні, Тәуелсіздік күні, Наурыз мерекесі, Медицина қызметкерлері күні сияқты мерекелер кең көлемде аталып өтіп, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын тұсаукесер, бата беру, асық ату секілді тағылымдық шаралар өткізіліп келеді.
Еңбек адамын құрметтеу – кәсіподақ қызметінің басты қағидаларының бірі. Кәсіподақ ұйымының ұсынысымен 21 қызметкер ведомстволық және қоғамдық марапаттарға ие болды. Бұл – өз ісіне адал, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген мамандардың еңбегіне берілген лайықты баға.
Ақтөбе көпсалалы облыстық ауруханасының бастауыш кәсіподақ ұйымы нақты істері арқылы «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» қағидатын күнделікті қызметінде жүзеге асырып келеді. Әрбір көрсетілген көмек, әрбір сауықтыру жолдамасы, әрбір марапат пен әлеуметтік қолдаудың артында адам тағдыры, еңбекке деген құрмет және қызметкердің әл-ауқатына деген қамқорлық жатыр.
Өйткені құқық қорғалған жерде – сенім бар. Сенім бар жерде – бірлік бар. Бірлік бар жерде – еңбек берекелі.