ҚРКФ өкілдері «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды

Федерация жаңалықтары 21.07.2026

ҚРКФ өкілдері «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, сондай-ақ ҚРКФ Төрағасының орынбасарлары Біржан Нұрымбетов және Гүлнәр Жұмагелдиева «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Бұл мерейтойлық медаль — Ата заңымыздың үстемдігін қамтамасыз етуге, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтауға, азаматтардың конституциялық құқықтары мен еркіндігін қорғауға, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы байланысты дамытуға ерекше үлес қосқан азаматтарға берілетін айрықша құрмет белгісі.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Парламент Мәжілісінің Аппаратында 16 жыл бойы жауапты қызметтер атқарды. Сатыбалды Дәулеталин Ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінен бастап, ҚР Парламенті Мәжілісі Аппараты Басшысының орынбасары дейінгі лауазымдарында жемісті еңбек етіп, мемлекеттің заңнамалық базасының қалыптасуы, сондай-ақ ҚР мемлекеттік қызметтің құрылуы және реформалануына тікелей қатысты.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Қазақстан Парламентінің Жоғарғы Кеңесі мен Парламент Мәжілісінің бірнеше шақырылымдарының депутаты ретінде 20 жылдан астам уақыт бойы заң шығару ісіне белсене қатысып, ел заңнамасын жетілдіруге және жұмыскерлердің әлеуметтік-құқықтық кепілдіктерін бекітуге салмақты үлес қосты.

ҚРКФ Төрағасының орынбасары Біржан Нұрымбетов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымдарында, сондай-ақ Парламентпен тығыз әріптестікте еңбек заңнамасын реформалауды және әлеуметтік қорғау саласындағы маңызды бастамаларды алға бастырды.

Сондай-ақ, ҚРКФ Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева кәсіподақ жүйесінде еңбеккерлердің құқықтарын қорғайтын заң жобаларын дайындауға, оларды Парламентте талқылауға және қабылдануына тікелей атсалысып, сараптамалық әрі құқықтық қолдау көрсетті.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы — еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым әрі еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек мүдделерін кәсіби деңгейде қорғайтын негізгі азаматтық институт. Бүгінгі таңда ҚР Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек жағдайын жақсарту, сондай-ақ азаматтардың конституциялық кепілдіктерін заңнамалық деңгейде іске асыру бағытында ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып келеді.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы