ҚРКФ және Фридрих Эберт қоры жас кәсіподақ көшбасшыларының біліктілігін арттыруда

Федерация жаңалықтары 22.07.2026

ҚРКФ және Фридрих Эберт қоры жас кәсіподақ көшбасшыларының біліктілігін арттыруда

22 шілде, сәрсенбі күні Астанада жас кәсіподақ көшбасшыларының кәсіби және тұлғалық дағдыларын дамытуға бағытталған «Кәсіподақ ортасындағы көшбасшылық: ерекшеліктері мен сын-қатерлері» тақырыбында оқыту семинары өтті. Бұл шара Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы өкілдігі мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бірлесе ұйымдастырды.

Отырысты аша отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева Фридрих Эберт қорымен көпжылдық ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, кәсіподақ қозғалысындағы жастар саясатының маңыздылығын атап өтті.

«Биыл біз жастармен жұмыс істеуге ерекше басымдық беріп отырмыз. Стратегиялық қызметімізде Жастар саясатының тұжырымдамасын бекітіп, Бас келісімде тиісті нормаларды енгіздік. Жастар – біздің болашағымыз ғана емес, бүгінгі күннің басты қозғаушы күші. Сондықтан жас мамандарды шешім қабылдау деңгейіне көтеру, олардың бастамаларын қолдау және көшбасшылық әлеуетін дамыту бойынша жүйелі түрде оқыту шараларын ұйымдастырып келеміз», – деді Гүлнәр Жұмагелдиева.

Жиынның модераторы – Фридрих Эберт қорының Астанадағы өкілдігінің басшысы Зауреш Шутова қатысушыларға ұйымның тарихы мен миссиясына тоқталды.

«Фридрих Эберт қоры – 34 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқан германдық саяси фонд. Бүкіл әлемдегідей, біз үшін де кәсіподақ тақырыбы өте маңызды. Себебі Веймар республикасының тұңғыш рейхспрезиденті Фридрих Эберттің өзі жас кезінен кәсіподақ қозғалысына белсене қатысып, демократия, әлеуметтік әділеттілік пен кәсіподақтарды қолдауды алға тартқан. Біздің басты мақсатымыз — азаматтық қоғаммен, үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен бірлесе отырып, саяси білім беруді дамыту және диалог орнату», – деп атап өтті Зауреш Шутова.

Семинардың алғашқы бөлігінде тәуелсіз сарапшы, PhD Гүлзи Нәби эмоционалдық интеллекттің заманауи көшбасшылықтағы рөлі мен оның ұжымды басқарудағы ықпалы туралы баяндап, арнайы тренингтер өткізді. Сарапшы заманауи кәсіподақ көшбасшысы үшін эмоционалдық интеллектті дамытудың, стрессті басқарудың және қазіргі қоғамдағы сын-қатерлерге тиімді әрі икемді жауап берудің дағдылары мен әдістемелерін ұсынды.

Тәуелсіз сарапшы Жанат Нұрғалиев кәсіподақ ортасындағы ұжымдық көшбасшылықтың мәнін, кәсіподақ мүшелері арасындағы сенімді нығайту, ортақ жауапкершілікті қалыптастыру мәселелерін баяндады. Ол бұрынғы дара билік жүргізу моделінің кәсіподақ жүйесін тығырыққа тірейтінін, оның орнына өзара сенімге құрылған икемді де ұйымшыл үлгі келуі тиіс екенін айтты.

Оның айтуынша, кәсіподақтың шынайы күші — жалғыз жетекшінің басқаруында емес, ортақ мақсатқа жұмылған ұйымшыл ұжымның нәтижелі жұмысында. Осыған орай, жеке-дара басқару моделінен кетіп, ұжымдағы әрбір белсендінің әлеуетін ашатын, жауапкершілікті тең бөлісетін жүйеге көшу қажет. 

Шара қорытындысында жемісті серіктестік пен ортақ іске қосқан үлесі үшін ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан Фридрих Эберт қорының Астанадағы өкілдігінің басшысы Зауреш Шутоваға Алғыс хат табысталды. 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы