ҚР Кәсіподақтар федерациясы бастамашылық еткен «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» науқаны аясында Сайрам ауданында «Қауіпсіз еңбек: Еңбекті қорғаудың бірыңғай күні» акциясы ұйымдастырылды. Осы шара барысында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев «Акбарович» жеке кәсіпкерлігінің ұжымымен жүздесті.

Басқосудың басты мақсаты – жұмыс орындарында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, өндірістегі жазатайым оқиғаларға жол бермеу және заң талаптарының орындалуын қадағалау.

Кездесуде еңбек қауіпсіздігіне қатысты түйткілді мәселелер қозғалып, жұмысшының амандығы мен жұмыс берушіге жүктелетін міндеттер жеке сараланды. Бірлестік өкілі Айдар Бахтыбаев өз сөзінде еңбек қауіпсіздігі тек қағаздағы заңды орындау емес, ең алдымен әрбір адамның өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған басты құндылық екенін қадап айтты.

Сонымен қатар жиында жумыс орнындағы қауіпсіздікті кәсіподақ тарапынан бақылау, өндірістік қатерді азайту, жұмысшыларды арнайы қорғаныс киімдерімен және құралдарымен қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты сөз болды.

Басқосу соңында ұжым мүшелері көкейдегі сауалдарын қойып, еңбек заңнамасындағы соңғы жаңалықтармен танысты. Жұмысшылар да өз пікірлерін ашық айтып, еңбек жағдайын одан әрі жақсартуға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Бұндай жүздесулер жауапкершілікті арттыруға, қайғылы жағдайлардың алдын алуға және жұмысшының құқығын қорғауға ықпал ететін пәрменді құрал болып қала бермек.