Ақ халатты абзал жандардың дәл диагноз қойып, емдеуді дер кезінде бастауына зертхана мамандарының тиянақты жұмысы тікелей ықпал етеді. Науқастың сауығуына бағытталған осынау жауапты істің басында күн сайын тынымсыз еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – Аяжан Қартпағамбетова.
Аяжан Елдарқызы – Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасының биохимиялық және клиникалық зертханасының лаборанты. Сонымен қатар мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымында белсенді қызмет атқарады. Ол – өз ісін жетік меңгерген, жауапкершілігі жоғары тәжірибелі маман.
Ол күнделікті жұмысында әрбір зертханалық сараптаманың аса дәлдікпен орындалуына баса мән береді. Әр талдаудың артында кішкентай бүлдіршіннің денсаулығы мен өмірі тұрғанын терең сезінетін ол барлық зерттеу кезеңдерінде бекітілген талаптар мен сапа стандарттарын мүлтіксіз орындайды.
Аяжан Елдарқызы тек кәсіби міндетін атқарып қана қоймай, ұжымның қоғамдық өміріне де белсене араласады. Кәсіподақ мүшесі ретінде әріптестер арасындағы ауызбіршілік пен өзара қолдауды арттыруға елеулі үлес қосып келеді.
Оның ұқыптылығы, кәсіби шеберлігі, біліктілігі мен өз ісіне деген адалдығы – бүгінде жас мамандарға нағыз үлгі. Өз ісінің шебері ретінде ол өңірдегі балалар денсаулық сақтау саласының сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосып отыр.
Осындай еңбекқор, білікті мамандар – медицина саласының берік діңгегі. Аяжан Қартпағамбетова – кәсібіне адалдығымен ұжымның ыстық ықыласына бөленген, еңбегімен құрметке ие болған дара тұлға.