БҚО-да жалпыкәсіподақтық науқан аясындағы кездесулер легі жалғасуда

Салалық және өңірлік жаңалықтар 24.07.2026

БҚО-да жалпыкәсіподақтық науқан аясындағы кездесулер легі жалғасуда

ҚР Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған жалпыкәсіподақтық науқаны аясында Батыс Қазақстан облысының аудандарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік еңбек инспекторы мен «Батыс Қазақстан Аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің басшысы, кәсіподақ мүшесі Сейітқабыл Масалимов өңірдегі бөлімше жұмыскерлерімен арнайы жүздесті.

Кездесуде жұмыс орнындағы қауіп-қатерді азайту, өндірістегі еңбекті қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері сөз болды. Сондай-ақ жұмысшыларды арнайы киім-кешек, аяқ киім және қорғаныс құралдарымен уақытылы қамтамасыз ету, бұл жабдықтарды міндетті түрде қолдануды қадағалау және қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру жайы жан-жақты талқыланды.

 

Мұндай сақтандыру және түсіндіру жиындары Қаратөбе, Сырым, Ақжайық, Жаңақала және Бөкей ордасы аудандарында өтті. Басқосуларда ұжымдарға өндірістік жарақаттың алдын алу, заң талаптарын сақтау және жұмыс орнында жауапты еңбек мәдениетін қалыптастыру бойынша нақты түсініктемелер берілді.

Сондықтан қауіпсіз еңбек – жұмыс берушіге де, қызметкерге де ортақ жауапкершілік. Ал еңбек қауіпсіздігін қатаң сақтау – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың ең басты кепілі болып қала бермек.