Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен өтіп жатқан «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» ауқымды науқаны аясында еліміз бойынша «Еңбекті қорғаудың бірыңғай күні» ұйымдастырылуда. Бұл бастаманың басты мақсаты – өндіріс орындарында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, қайғылы оқиғалардың алдын алу, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғауды басты орынға қою.
Осы маңызды датаға орай Жамбыл облысындағы химия өнеркәсібінің гиганты – «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» ЖШС-де арнайы кеңейтілген жиын өтті. Кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерлан Молдабаевтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған кеңеске өндірістік инспекция өкілдері, кәсіподақ белсенділері, құрылымдық бөлімше басшылары мен еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандар қатысты.
Кеңесті ашқан кәсіподақ жетекшісі Ерлан Молдабаев өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – кәсіпорын қызметінің ең басты басымдығы екенін баса айтты. Төраға өз сөзінде Кәсіподақтар федерациясы бұл мәселені жіті бақылауда ұстап отырғанын жеткізіп, қауіпсіз еңбек ортасын құру – жұмыс беруші мен жұмысшыға ортақ жауапкершілік екенін еске салды.

Жұмыс барысында зауыттағы еңбек қауіпсіздігінің өзекті түйткілдері сарапқа салынды. Жиынға қатысушылар өндірістік жарақаттанудың алдын алу, еңбек жағдайын жақсарту, тәуекелдерді бағалау, жеке қорғаныш құралдарын тиімді қолдану мен санитария талаптарын сақтау мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Сонымен бірге, жұмыс орындарындағы еңбек тәртібін күшейту де назардан тыс қалмады.
Басқосуда еңбек заңнамасына енгізілген соны өзгерістер де кеңінен түсіндірілді. Әсіресе, өндірістік кеңес құрамындағы техникалық инспекторлардың қоғамдық бақылау жүргізу құзыреті кеңейгені атап өтілді. Бұл өндірістегі қауіпті факторларды дер кезінде анықтап, апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретін пәрменді құрал болмақ.
Жиын барысында техникалық инспекторлар күнделікті жұмыста кездесетін кедергілерді ортаға салып, өзара тәжірибе бөлісті. Қатысушылар бақылау жүйесін жетілдіру, ұжымда қауіпсіздік мәдениетін сіңіру және профилактикалық жұмыстардың пәрменділігін арттыру бойынша бірқатар нақты ұсыныстар білдірді.
Айта кету керек, «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» ЖШС кәсіподақ ұйымы – өңірдегі ең ірі ұжымдардың бірі. Бүгінде оның қатарында 2 мыңнан астам жұмысшы бар. Бұл ұйым еңбеккерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғап қана қоймай, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға белсенді атсалысып келеді.
Кеңесті қорытындылай келе, Ерлан Молдабаев техникалық инспекторларға бекітілген аумақтарда қауіпсіздік талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды, тексерулерді жүйелеуді және анықталған кемшіліктерді жедел жоюды тапсырды. Төраға әрбір қызметкердің өз өмірі мен әріптесінің амандығына жауапкершілікпен қарауы – апатсыз өндірістің басты кепілі екенін тағы бір мәрте қадап айтты.
Жиын соңында қатысушылар «лайықты еңбек – ең алдымен, қауіпсіз еңбек» деген ортақ пікірге тоқталды. Осындай профилактикалық кездесулерді тұрақты өткізу еңбек ұжымындағы қауіпсіздік мәдениетін арттырып, өндірістік ортаны одан әрі жақсартуға серпін беретіні сөзсіз.