Кәсіподақ өрттен зардап шеккен жұмысшыға көмек қолын созды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 27.07.2026

Кәсіподақ өрттен зардап шеккен жұмысшыға көмек қолын созды

Адам өмірінде тосыннан болатын қиындықтар кез келген жанды тығырыққа тіреуі мүмкін. Осындай сын сағатта қолдау білдіріп, жанынан табылу – кәсіподақ қозғалысының басты миссияларының бірі. «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясында кәсіподақ ұйымдары еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаумен қатар, олардың өмірлік қиындықтарын еңсеруге де нақты көмек көрсетіп келеді.


«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Қызылорда облыстық филиалына қарасты «Қазалы аудандық көп бейінді орталық ауруханасының» хирург дәрігері Айбасов Серік Айбасұлының тұрғын үйі өрт салдарынан жарамсыз күйге түскен. Осындай қиын кезеңде әріптестері мен кәсіподақ ұйымы бейжай қалмады. Аурухананың бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, ұжым мүшелері дәрігерге материалдық көмек көрсетті. Қысқа уақыт ішінде жиналған қолдау қаражаты зардап шеккен отбасының алғашқы қажеттіліктерін өтеуге бағытталды.


Бұл – кәсіподақтың тек еңбек саласындағы құқықтық қорғаушы ғана емес, адам тағдырына бейжай қарамайтын, мүшелерінің қуанышы мен қиындығын бірге бөлісетін ұйым екенінің айқын дәлелі. Осындай игі істер еңбек ұжымындағы ауызбіршілікті, өзара жанашырлық пен әлеуметтік жауапкершілікті нығайтып, «біріміз бәріміз үшін» деген қағиданың өміршеңдігін көрсетеді.


Бүгінде «Қазалы аудандық көп бейінді орталық ауруханасы» бастауыш кәсіподақ ұйымының қатарында 1418 кәсіподақ мүшесі бар. Бұл – ұйымның ынтымақ пен өзара сенімге негізделген үлкен ұжым екенін аңғартады. Осындай ұйымшылдықтың арқасында қандай қиындық болса да жалғыз қалмай, әріптестердің қолдауын сезіну – кәсіподақ мүшелері үшін ең үлкен рухани әрі әлеуметтік демеу.