ҚРКФ мен БҰҰ өкілдері Қостанай облысының кәсіподақ белсенділерімен кездесті

Федерация жаңалықтары 28.07.2026

ҚРКФ мен БҰҰ өкілдері Қостанай облысының кәсіподақ белсенділерімен кездесті

27 шілде, дүйсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ десанты» жобасы мен «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының  қуатты үні» атты жалпыкәсіподақтық науқан аясында Қостанай облысына ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева мен ҚРКФ Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова іссапармен келді.

«Кәсіподақ десанты» жобасы шеңберінде алғаш рет бұл жұмыс сапарына Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча қатысты. Бұл қадам Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен БҰҰ құрылымдары арасындағы лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету, әлеуметтік диалогты дамыту және жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауды нығайту бағытындағы ынтымақтастықтың заңды жалғасы болды. 

Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысына салалық кәсіподақ басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, әлеуметтік әріптестер өкілдері және өңірдің кәсіподақ белсенділері қатысты.

Жиынды Қостанай облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ирина Аронова ашып, Кәсіподақтар федерациясы басшылығының өңірге келуі еңбек құқықтарын қорғаудың ең өзекті мәселелерін талқылауға және алдағы бірлескен жұмыс бағыттарын айқындауға берілген зор мүмкіндік екенін атап өтті.

«Бүгінде лайықты еңбек, әлеуметтік әділдік, қауіпсіз еңбек жағдайлары, еңбек құқықтарының сақталуы және әлеуметтік диалогты дамыту мәселелері ерекше мәнге ие болып отыр. Сол себепті де Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдерімен ашық пікір алысу – біз үшін өте маңызды», — деді Ирина Аронова.

Кеңейтілген отырыс барысында қатысушылар «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» атты бірыңғай науқанның іске асуы, ұжымдық шарттар арқылы еңбек қатынастарын реттеуді дамыту, әлеуметтік әріптестік тетіктерін жетілдіру, қауіпсіз жұмыс ортасын қалыптастыру, лайықты еңбек қағидаларын насихаттау және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу сынды мәселелерді талқылады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева бүгінгі таңда кәсіподақтардың атқаратын рөлі тек жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаумен ғана шектелмейтінін атап өтті.

«Казіргі уақытта кәсіподақтар жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаушы ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік әріптестік мәдениетін, еңбек қауіпсіздігін және еңбек адамына деген жауапкершілікті қалыптастыруға белсенді қатысатын басты күшке айналды», — деді Гүлнәр Жұмагелдиева.

 

Гүлнәр Жұмагелдиева өз сөзінде Бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқанды жүзеге асыру мәселесіне ерекше тоқталды. Осы науқан аясында еліміз бойынша кәсіподақтарға деген сенімді нығайтуға, кәсіподақ ынтымақтастығын арттыруға және лайықты еңбек құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «Кәсіподақ көмектеседі», «Кәсіподақ жаныңда», «Еңбек адамы», «Жастар мен болашақ» және «Қуатты ұжым» сияқты жобалар іске асырылуда.

 

Халықаралық ынтымақтастық тақырыбын ары қарай жалғастырған Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты координаторы Саранго Раднарагча БҰҰ жүйесі кәсіподақтарды Тұрақты даму мақсаттарын, лайықты еңбек пен әлеуметтік әділдікті ілгерілетудегі негізгі әріптестердің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Тұрақты даму мақсаттарын халықаралық және ұлттық деңгейде қабылдау — бұл алғашқы қадам ғана. Оларды әрбір өңірде және адамдардың күнделікті өмірінде жүзеге асыру әлдеқайда маңызды. Сол себепті бүгінгі кездесу біз үшін ерекше маңызды. Бұл күнделікті адамдармен жұмыс істейтін және жұмыскерлердің шынайы мәселелерін бәрінен жақсы білетін кәсіподақтардың үнін естуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Саранго Раднарагча.

Жиынға қатысушылардың ерекше қызығушылығын ашық пікірталас тудырды. Салалық кәсіподақ өкілдері Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын іске асыруға, ең төменгі жалақыны айқындау механизмін жетілдіруге, жұмыскерлердің табысын жыл сайын индексациялауға және үшжақты әлеуметтік диалогты дамытуға қатысты сұрақтар қойды.

Талқылаудың бөлек бір бөлігі цифрландыру және жасанды интелектіні енгізу мәселелеріне арналды. Қатысушылар жаңа технологиялардың еңбек нарығы мен білім беру жүйесіне тигізетін әсерін, жеке деректерді қорғау қажеттілігін, сондай-ақ жасанды интелектіні пайдалану кезінде жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін халықаралық және ұлттық стандарттарды әзірлеу мәселелерін қарастырды.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Жасанды интеллектіні пайдалану кезінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандартын бекітіп үлгергені және осы саладағы заңнаманы жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатқаны айтылды. Бұдан бөлек, осы жылдың қазан айында Астанада Халықаралық еңбек ұйымының, БҰҰ жүйесінің, халықаралық кәсіподақ ұйымдарының, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің қатысуымен жасанды интеллект мәселелері бойынша халықаралық форум өткізу жоспарланған.

Кездесуді қорытындылай келе, қатысушылар кәсіподақтар, мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер мен халықаралық ұйымдар арасындағы сындарлы әлеуметтік диалогты дамыту — Қазақстанда әлеуметтік әріптестікті нығайтудың, еңбек қатынастарын жетілдірудің және лайықты еңбек пен әлеуметтік әділдік қағидаттарын одан әрі ілгерілетудің маңызды шарты болып табылатынын атап өтті.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы