ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева мен БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча жұмыс сапары барысында Қостанай облыстық ауруханасына барды.

Сапар аясында мекеменің бас дәрігері Асхат Өтебаев, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Қостанай облысы филиалының төрағасы Татьяна Булгацевич, бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Оксана Трыкова және бас медициналық бике міндетін атқарушы Асия Беиловамен кездесу өтті.

Бүгінде Қостанай облыстық ауруханасы — өңірдегі ең ірі көпбейінді медициналық ұйымдардың бірі. Мұнда 924 қызметкер жұмыс істейді, олардың 90 пайыздан астамы — кәсіподақ мүшесі. Мұндағы әлеуметтік әріптестік ұжымдық шарт негізінде жүзеге асырылып, туындаған әлеуметтік-еңбек мәселелері Татуластыру комиссиясы арқылы қарастырылады.

Делегация өкілдері сәулелік диагностика бөлімшесін аралау барысында радиациялық қауіпсіздік талаптарының орындалуымен және жұмыскерлерді қорғау жүйесімен танысты. «SENIM» кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Татьяна Булгацевич Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен салалық кәсіподақтың бірлескен жұмысының арқасында сәулелік диагностика мамандарына зейнетке ерте шығу құқығы қайтарылғанын айтты.
Ал қабылдау бөлімінде шұғыл медициналық көмек ұйымдастыру, мамандардың эмоционалдық күйзелісінің алдын алу және медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Әсіресе, Қостанай облыстық ауруханасының дәрігеріне жасалған шабуылдан кейін қабылданған заңнамалық өзгерістерге ерекше назар аударылды. 2026 жылғы 7 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне медицина қызметкерлеріне күш көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін 380-3-бап енгізілген болатын.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы, салалық кәсіподақ және әлеуметтік әріптестердің бірлесіп атқарған нәтижелі жұмысын да атап өтті. Ең маңызды жетістіктердің қатарында медицина қызметкерлерінің біліктілік санаттарын қалпына келтіру, медиктердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы заңды қабылдау және денсаулық сақтау саласы жұмыскерлерін әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру бар.

Сонымен бірге, жалақыны өсіру, еңбек жағдайын жақсарту, кәсіби тәуекелдердің алдын алу және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту мәселелері сала қызметкерлері үшін әлі де өзекті екені айтылды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесі мемлекет пен әлеуметтік әріптестер тарапынан ерекше қолдауды қажет ететінін жеткізді.
«Медицина қызметкерлерінің еңбегі жоғары кәсібилікті ғана емес, сонымен бірге сенімді әлеуметтік қорғауды да талап етеді. Еңбек қауіпсіздігі, лайықты жалақы, жұмыскерлердің денсаулығын сақтау және ұжымдық шарттың пәрменді орындалуы әрдайым жұмыс беруші мен кәсіподақтың басты назарында болуы тиіс. Тек тұрақты әлеуметтік диалог арқылы ғана еңбек адамының мүддесіне сай келетін шешімдерді табуға болады», — деді Гүлнәр Жұмагелдиева.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетпейінше заманауи денсаулық сақтау жүйесін дамыту мүмкін еместігін баса айтты.
«Бүкіл әлемде медицина қызметкерлері — денсаулық сақтау жүйесінің басты тірегі. Қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, тең мүмкіндіктер беру және мамандарды қолдау көрсетілетін медициналық көмектің сапасына тікелей әсер етеді. Бұл мәселелердің ашық талқыланып жатқаны өте маңызды», — деп атап өтті Саранго Раднарагча.

Жиынды қорытындылай келе, қатысушылар кәсіподақ, жұмыс беруші және мемлекет арасындағы сындарлы әріптестік қана жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерін дәйекті түрде нығайтуға, еңбек жағдайын жақсартуға және медицина мамандығының мәртебесін көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы