Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінің «Кәсіподақ десанты» жобасы аясында Қостанай облысына жасаған жұмыс сапары барысында ҚРКФ Оқу орталығы өңірдің кәсіподақ белсенділеріне арнап оқыту семинарын өткізді.

ҚРКФ Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова дәріс берді. Оқыту бағдарламасы кәсіподақ қызметінің ең өзекті мәселелеріне, еңбек заңнамасындағы өзгерістерге және жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге арналды.
Оқу барысында қатысушылар Қазақстан Республикасындағы кәсіптік одақтар қызметінің құқықтық негіздерін, ұжымдық шарттар арқылы еңбек қатынастарын реттеу жолдарын, әлеуметтік әріптестікті дамытудағы кәсіподақ көшбасшысының орнын, сондай-ақ еңбек дауларының алдын алу мен оларды шешудің заманауи тәсілдерін қарастырды.

Кездесуде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 7 сәуірдегі Заңына ерекше назар аударылды. Қатысушылар жаңа заңнамалық нормаларды және оларды кәсіподақ ұйымдарының жұмысында іс жүзінде қолдану ерекшеліктерін егжей-тегжейлі талқылады.
Семинардың тәжірибелік бөлімі еңбек қатынастарын реттеу, еңбек шартын тоқтату негіздері, Татуласу комиссияларының жұмысы және еңбек даулары туындаған кезде жұмыскерлердің құқығын қорғау алгоритмдеріне арналды.

Кәсіподақ белсенділеріне сөз арнаған ҚРКФ Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова бүгінгі кәсіподақ жұмысына қойылатын талаптар білімді үздіксіз жетілдіріп отыруды қажет ететінін баса айтты.
«Бүгінгі таңда кәсіподақ көшбасшысы заңды жақсы біліп қана қоймай, оны іс жүзінде қолдана білуі тиіс. Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың нәтижелі болуы дәл осы көшбасшының біліктілігіне, өзара сұхбат жүргізе алуына және түйткілді мәселелерге дер кезінде үн қатуына байланысты», — деді Ләззат Есжанова.
Оның айтуынша, кәсіподақ белсенділерін оқыту — Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жұмысының басты басымдықтарының бірі.
«Мықты бастауыш кәсіподақ ұйымы білікті кәсіподақ көшбасшысынан басталады. Содан да болуы керек, кәсіподақ белсенділерін оқыту — Кәсіподақтар федерациясының жүйелі жұмысы. Кәсіподақ өкілдерінің дайындық деңгейі неғұрлым жоғары болса, олар жұмыскерлердің құқықтарын солғұрлым тиімді қорғайды, әлеуметтік әріптестікті дамытуға белсене қатысады және еңбек адамына шынайы көмек көрсете алады», — деп атап өтті спикер.

Семинар барысында қатысушылар еңбек заңнамасы нормаларын қолдануға, ұжымдық шарт арқылы реттеуге, еңбекті қорғауға және жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауға қатысты тәжірибелік сұрақтарына толық жауап алды.
Оқу қорытындысын шығара отырып, қатысушылар бұл семинардың тәжірибелік мәні өте жоғары болғанын жеткізді. Осындай білім беру шаралары кәсіподақ белсенділеріне заңнамадағы өзгерістерден дер кезінде хабардар болып отыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және жұмыскерлердің мүддесін нәтижелі қорғауға мүмкіндік беретінін баса айтты.
ҚРКФ Кәсіподақ коммуникациялары орталығы