ҚРКФ мен БҰҰ делегациясы еліміздегі ең ірі автоөндіріс ошағының кадрлық әлеуетті дамыту тәжірибесімен танысты

Федерация жаңалықтары 28.07.2026

ҚРКФ мен БҰҰ делегациясы еліміздегі ең ірі автоөндіріс ошағының кадрлық әлеуетті дамыту тәжірибесімен танысты

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы өкілдері мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча «Allur» құрамындағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Делегациямен бірге кәсіпорынға салалық және жергілікті кәсіподақ өкілдері де барды.

«Allur» зауытының GR және PR қызметінің қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Сұлтан Бекмағамбетов атап өткендей, бұл серіктестік — Қазақстандағы ең ірі автомобиль өндіруші мекеме. Зауыттың өндіріс қуаттылығы жылына 92 мыңнан астам автомобиль шығаруға қауқарлы, ал ұжымда 3,5 мыңға жуық қызметкер еңбек етеді.

Зауытты аралау барысында кәсіпорын өкілдері өндірістік жұмыс барысымен, еңбекті қорғауды ұйымдастыру жүйесімен және қолданыстағы әлеуметтік кепілдіктермен таныстырды. Мұнда жұмыскерлерге қолайлы еңбек жағдайы жасалып, ауқымды әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Олардың қатарында жеңілдетілген тамақтану, медициналық сақтандыру, басқа өңірден келген қызметкерлерге арналған жатақхана, біліктілікті арттыру мүмкіндіктері, Оқу орталығында білім алу және шетелдік тағылымдамадан өту бағдарламалары бар.

Сапардың жалғасы компанияның офисінде өтті. Онда Біліктілікті арттыру орталығының басшысы Дархан Байбұлов «Allur» компаниясының қызметі, кадрларды даярлау жүйесі және ұжымдық оқытуды дамыту жөнінде таныстырылым жасады. 

Жиынға қатысушыларға дуалды білім беру бағдарламаларының жүзеге асуы, колледждер мен жоғары оқу орындарымен өзара байланыс, мамандарды даярлаудың заманауи тәсілдері және қызметкерлердің кәсіби өсу мүмкіндіктері туралы баяндалды.

Әсіресе, кәсіпорынға кадрлық резерв қалыптастыруға, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін шыңдауға және өндірісті білікті мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ұжымдық оқыту жүйесіне ерекше назар аударылды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева кәсіпорынның бұл тәжірибесі адам капиталын дамыту мен лайықты еңбек жағдайын жасаудың озық үлгісі ретінде назар аударуға тұрарлық екенін айтты.

«Жұмысшыға лайықты құрмет көрсетпеген кәсіпорын ешқашан бәсекеге қабілетті бола алмайды. Қызметкерге қауіпсіз жағдай жасап, оның білімін көтеруге көңіл бөлінгенде ғана мекеме өркендейді. Сондықтан осы зауыттың бұл тәжірибесін басқаларға да үлгі етіп көрсету керек», - деп атап өтті Гүлнәр Жұмагелдиева.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча жұмысшылардың білімі мен дамуына қаржы бөлмейінше, заманауи өндірісті алға сүйреу мүмкін еместігін баса айтты.

«Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорын дегеніміз — тек заманауи технологиялар мен жоғары өндірістік көрсеткіштер ғана емес. Бұл, ең алдымен, адамға салынған инвестиция, қауіпсіз еңбек жағдайы, кәсіби даму мен үздіксіз білім алуға жасалған мүмкіндік. Дәл осындай тәсілдер лайықты еңбек пен тұрақты дамудың халықаралық қағидаларына толық сай келеді», — деді Саранго Раднарагча.

Сапарды қорытындылай келе, қатысушылар «Allur» компаниясының бұл тәжірибесі кадрлар даярлаудың, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттырудың және қауіпсіз өндірістік орта қалыптастырудың заманауи әрі тиімді жолын көрсететінін атап өтті.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы