Жастар және еңбек болашағы – кәсіподақтың негізгі даму бағыты

Салалық және өңірлік жаңалықтар 28.07.2026

Жастар және еңбек болашағы – кәсіподақтың негізгі даму бағыты

«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқаны аясындағы «Жастар және еңбек болашағы» жобасының басты мақсаты – жас мамандардың кәсіподақ қызметіне белсенді қатысуына жағдай жасап, олардың кәсіби дамуы мен көшбасшылық әлеуетін арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстардың жарқын көрінісі облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының Т.Рысқұлов аудандық филиалы ұйымдастырған «Кәсіподақтың жастар қанаты: рөлі, мүмкіндіктері және даму бағыттары» атты облыстық көшпелі семинарда айқын байқалды.

№6 мектеп-гимназиясында өткен тағылымды басқосу кәсіподақтың жастармен жұмысындағы жаңа көзқарасты көрсетті. Семинар «Кәсіподақ жастары және ЖИ: жаңа мүмкіндіктер дәуірі» атты көрмеден басталып, жастардың цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кәсіподақ қызметімен ұштастыра алатынын дәлелдеді. Бұл – еңбек қатынастарының жаңа кезеңінде кәсіподақтың да заман талабына сай жаңғырып келе жатқанының көрінісі.


Т.Рысқұлов аудандық филиалының төрағасы Айнұр Баймұратова өз сөзінде аудандық филиал жанындағы Жастар қанатының 2019 жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Осы уақыт ішінде жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, көшбасшылық қабілетін дамытуға және кәсіподақ қызметіне тартуға бағытталған көптеген бастамалар жүзеге асырылды. Облыстық семинардың мақсаты да – осы тәжірибені бөлісіп, жастармен жұмыстың тиімді үлгісін басқа өңірлерге тарату.


Семинар барысында жастар қанатының жетекшісі Дулат Құдыс ұйымның атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларын таныстырып, жасанды интеллект құралдарын кәсіподақ жұмысында тиімді пайдалану жолдарына тоқталды. Бүгінгі еңбек нарығында цифрлық сауаттылық пен жаңа технологияларды меңгерудің маңызы артып отырғанын атап өткен ол, жастардың кәсіби дамуы үздіксіз ізденіспен тығыз байланысты екенін жеткізді.


Іс-шарада жастар қанатының мүшелері де өз жобаларын ұсынып, кәсіподақ ұйымдарындағы жастардың белсенділігін арттыруға қатысты тың ұсыныстарын ортаға салды. Ержан Қонысбаев жастардың шығармашылық әлеуетін дамытудағы кәсіподақтың рөліне тоқталса, Тұрар Жанділда жастарды сауықтыру шараларына кеңінен тартудың тиімді тетіктерін ұсынды. Ал Құлан мектеп-гимназиясының директоры Гүлнұр Әділова өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіподақтың жас маманның кәсіби қалыптасуына беретін қолдауын нақты мысалдар арқылы жеткізді.


Семинардың практикалық бөлімінде қатысушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, интерактивті тапсырмалар орындады. Бұл жұмыстар жастардың шығармашылық ойлауын, командалық жұмысын және цифрлық құзыреттілігін дамытуға бағытталды. Сонымен қатар «Шаршаудан – шабытқа» арт-терапиялық алаңы мен TED форматындағы еркін пікір алаңы жастардың бастамашылдығын, еркін ойын жеткізу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.


Семинарды қорытындылаған жергілікті кәсіподақ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков мұндай бастамалардың кәсіподақ жұмысын жаңғыртып қана қоймай, жас мамандардың әлеуетін ашуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, жастардың тың идеялары мен белсенділігі кәсіподақ қозғалысының болашағын айқындайды және мұндай тәжірибені облыстың барлық ауданында жалғастыру маңызды.


Бүгінде «Жастар және еңбектің болашағы» жобасы жастардың еңбек құқықтарын қорғаумен қатар, олардың кәсіби, зияткерлік және қоғамдық әлеуетін дамытуға бағытталған тиімді алаңға айналып келеді. Т.Рысқұлов ауданында өткен көшпелі семинар осының нақты дәлелі болды.

Жастардың бастамасына қолдау көрсетіп, оларды кәсіподақ қызметіне кеңінен тарту – еңбек адамының мүддесін қорғаудың және кәсіподақтың болашақтағы қуатын арттырудың басты кепілі.