Ұрпақтар сабақтастығы және кәсіби ұстаным

Салалық және өңірлік жаңалықтар 29.07.2026

Ұрпақтар сабақтастығы және кәсіби ұстаным

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ әрекет етуде» ақпараттық науқаны аясында еңбек адамын ұлықтау, өз ісіне адал мамандардың еңбегін насихаттау және жастарға үлгі болатын тұлғаларды таныту басты назарға алынған. Осы науқанның «Еңбек адамы: Тәлімгер мен жас маман» тақырыбы аясында сөз ететін кейіпкерлеріміз - «Манкент» шипажайының емдеу корпусының меңгерушісі, дәрігер-терапевт, УДЗ дәрігері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бегзад Азизов  және оның тәлімін алып жүрген жас дәрігер Ерсұлтан Қалдаров.

Бегзад Бахадирович 1977 жылы дүниеге келген. 2000–2007 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында білім алып, дәрігер мамандығын игерді. Еңбек жолын 2008 жылы ауылдық емханада учаскелік дәрігер ретінде бастап, 2012 жылға дейін ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғау ісіне адал қызмет етті.

2013 жылдан бері «Манкент» шипажайында дәрігер-терапевт және ультрадыбыстық зерттеу дәрігері ретінде еңбек етіп келеді. 2022 жылдан бастап емдеу корпусының меңгерушісі қызметін атқарып, медициналық қызметтің сапасын арттыруға, ұжымдағы кәсіби тәртіп пен жауапкершілікті нығайтуға үлес қосуда.

Сонымен қатар ол «Манкент» шипажайының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, ұжымдағы ауызбіршілік пен әлеуметтік әріптестікті дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Оның бастамасымен кәсіподақ мүшелеріне қолдау көрсету, еңбек қауіпсіздігін насихаттау және корпоративтік мәдениетті қалыптастыру бағытында бірқатар игі шаралар жүзеге асырылуда.

Тәжірибелі дәрігердің тәлімін алып жүрген жас маман - Ерсұлтан Қалдаров. Ол 1995 жылы дүниеге келген. 2013–2020 жылдары Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алып, дәрігер-терапевт мамандығын игерді. 2023 жылдан бастап «Манкент» шипажайында еңбек жолын бастап, бүгінде тәжірибелі әріптестерінен үйреніп, кәсіби шеберлігін шыңдап келеді.

 

Бегзад Бахадирович үшін тәлімгерлік - жай ғана тәжірибе бөлісу емес, жас дәрігерді адам өміріне жауапкершілікпен қарауға, науқасқа жанашырлық танытуға және дәрігерлік әдепті сақтауға баулу. Оның әрбір ақыл-кеңесі Ерсұлтанның кәсіби қалыптасуына берік негіз болып отыр.

Өз кезегінде Ерсұлтан Таласұлы тәлімгерінің сенімін ақтап, білімін үздіксіз жетілдіруге, жаңа медициналық технологияларды меңгеруге және науқастарға сапалы қызмет көрсетуге ұмтылуда. Бұл - ұрпақтар сабақтастығының нақты көрінісі.

«Кәсіподақ әрекет етеді» науқанының басты мақсаты - еңбек адамдарын дәріптеу, олардың қоғамдағы рөлін айқындау және озық тәжірибені кеңінен насихаттау. Бегзад Азизов пен Ерсұлтан Қалдаровтың өнегелі жолы осы мақсатпен толық үндеседі. Тәлімгер мен жас маман арасындағы сенімге негізделген қарым-қатынас, кәсіпке адалдық пен қоғамдық белсенділік - бүгінгі еңбек адамының шынайы бейнесі. Осындай азаматтардың еңбегі қоғамның дамуына, халық денсаулығының жақсаруына және кәсіподақ қозғалысының нығаюына қызмет етіп келеді.