Қарыштап дамыған заманда әрбір саланың табысы мен жетістігі – адал еңбек пен маманға деген сенімнен басталады. «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент қалалық филиалының құрамындағы ҚР ДСМ «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ РМК Түркістан облысы бойынша аймақтық департаментінде бұл қағидат қашанда биік орында. Мұнда жас мамандардың кәсіби тұрғыдан қалыптасып, қанаттануына ерекше маңыз беріледі. Өйткені тәжірибе мен жастық жігер ұштасқан жерде ғана сапалы нәтиже мен береке болатыны анық.

Департаменттің тыныс-тіршілігінде тәжірибелі мамандардың өз білімі мен жинаған мол мұрасын ізбасарларына аманат етіп, жанашыр тәлімгерлік көрсетуі – игі дәстүрге айналған. Осының жарқын көрінісі ретінде еңбек жолы мен іскерлігімен үлгі болған бас маман Нұрман Үкілім Нұрманқызы мен жас маман Жәми Мариям Әділханқызының дуэт-жұмысын ерекше сезіммен атап өтуге болады.
Денсаулық сақтау саласының білікті маман атанып, он жылдай уақыт бойы табанды еңбек етіп келе жатқан Үкілім Нұрманқызы үшін бұл қызмет – жай ғана жұмыс емес, жүрек қалауы. Әрбір іске аса жауапкершілікпен қарап, міндетін мінсіз атқаратын кәсіби маманның ерен еңбегі де әрдайым бағаланып келеді. Ол Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хатымен, сондай-ақ бас ұйым төрағасының бірнеше мәрте алғыстарымен марапатталған. Десе де, оның ең үлкен марапаты – жылдар бойы жинаған тәжірибесін жас әріптестеріне аямай үйретіп, олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне қосқан елеулі үлесі. Ұйымдастырушылық қабілеті мен адамгершілік қасиеттері үйлесім тапқан ол – әріптестерінің ортасында үлкен құрметке ие тұлға.

Ұстаз жолын қуған тәлімгердің сенімді ізбасары – жас маман Мариям Әділханқызы өз еңбек жолын осы қасиетті шаңырақта бастап, алғашқы қадамдарынан-ақ іскерлігімен көзге түсуде. Білімге құштарлығы, жаңа дүниені тез қабылдайтын бастамашылдығы және өз ісіне деген шексіз жауапкершілігі оны ұжымның бел ортасына әкеп қосты. Жас маман тәжірибелі тәлімгердің әрбір ақыл-кеңесін құлағына құйып, кәсіби сырларын меңгеру арқылы өзінің біліктілігін күн сайын шыңдап келеді.
Үлкеннің өнегесі мен жастың жігері тоғысқан осындай еңбек жолы ұжымның берекесін арттырып қана қоймай, әрбір қызметкердің ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады. Тәлімгерлік мектебінің нәтижесінде ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген жас мамандардың қадамы әрқашан нық, болашағы жарқын болмақ.