«Қуатты кәсіподақ - еңбек адамының қуатты үні» атты Бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы Заң клиникасында азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өтті.
Қабылдауды «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы – заңгер Ерлан Жандарбеков жүргізді. Қабылдау барысында азаматтардың еңбек заңнамасына, әлеуметтік кепілдіктерге және еңбек құқықтарын қорғауға қатысты сауалдары қаралып, әрбір өтініш бойынша қолданыстағы заңнама аясында құқықтық кеңестер берілді.
Қабылдауға келген азаматтардың бірі жеке кәсіпорында жұмыс істейтін қызметкер ретінде өзінің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына бірнеше ай бойы шыға алмай жүргенін айтып, көмек сұрады. Оның айтуынша, жұмыс беруші еңбек демалысын кейінге қалдырып келген, ал пайдаланылмаған демалыс күндері үшін өтемақы төлеу мәселесі де шешілмеген.

Заңгер Ерлан Жандарбеков азаматқа Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс берушінің қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын белгіленген мерзімде беру міндетті екенін түсіндірді. Сонымен қатар жұмыс берушінің атына жазбаша өтініш беру, мәселе шешілмеген жағдайда мемлекеттік еңбек инспекциясына немесе сотқа жүгіну тәртібі жөнінде кеңес беріп, қажетті құжаттарды рәсімдеу бойынша құқықтық көмек көрсетті.
Бұдан басқа қабылдау барысында еңбек шартын бұзу, жалақыны уақытылы төлеу, еңбек демалысын рәсімдеу, тәртіптік жаза қолдану және әлеуметтік кепілдіктерге қатысты басқа да мәселелер бойынша азаматтарға жан-жақты құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Түркістан облысы кәсіподақтар орталығының Заң клиникасында 107 өтініш қаралып, оның ішінде 89-ы кәсіподақ мүшелерінен түскен. Бұл көрсеткіш кәсіподақ мүшелерінің құқықтық қолдауға деген сұранысының жоғары екенін және Заң клиникасының еңбеккерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы маңызды рөлін айқындайды.
Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы еңбек адамдарының құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған жұмыстарды алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғастыра береді.