Үлгі тұтар тұлға - Нұржамал Сазанбаева

Салалық және өңірлік жаңалықтар 30.07.2026

Үлгі тұтар тұлға - Нұржамал Сазанбаева

Адам өміріндегі ең қастерлі мамандықтардың бірі - тәрбиешілік. Өйткені баланың тұлға болып қалыптасуының алғашқы баспалдағы балабақшадан басталады. Сол жауапты міндетті жүрек қалауымен атқарып, саналы ғұмырының ширек ғасырын бүлдіршін тәрбиесіне арнаған жанның бірі - Шардара қаласындағы «Балауса» бөбекжай-балабақшасының аға тәрбиешісі Нұржамал Сазанбаева.
    Нұржамал Ергешқызы 1984 жылы дүниеге келген. Қатарластарымен бірге мектеп табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындаған жас бойжеткеннің арманы - ұстаз болу еді. Сол арманының жетегінде Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетіне түсіп, «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу педагогы» мамандығын игерді.
    Еңбек жолын С.Сейфуллин атындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған жас маман кейін өз қабілетін мектепке дейінгі білім беру саласында жалғастырды. Бүгінде ол Шардара қаласындағы «Балауса» бөбекжай-балабақшасында аға тәрбиеші ретінде талай бүлдіршіннің бойына ізгілік пен адамгершілік қасиеттерін сіңіріп келеді. Ширек ғасырға жуық еңбек жолында ол тек білікті маман ғана емес, өмірлік тәжірибесі мол, адами қасиетімен әріптестеріне үлгі бола білген ұлағатты ұстаз ретінде де танылды.
    Ұстаздың басты жетістігі - оның тәрбиелеген шәкірттері. Нұржамал Ергешқызы әр баланың қабілетін ашуға ерекше көңіл бөліп, заманауи педагогикалық технологияларды өз тәжірибесінде тиімді қолданады. Монтессори әдістемесі, ТРИЗ технологиясы және түрлі дидактикалық ойындарды оқу-тәрбие үдерісіне шебер енгізіп, өз іс-тәжірибесін аудан көлемінде қорғап шықты. Соның нәтижесінде тәрбиеленушілері шығармашылық және интеллектуалдық байқаулар мен марафондарда жүлделі орындарға ие болып келеді.
   Балалардың балабақшаға бейімделу кезеңін жеңіл әрі нәтижелі ұйымдастыруда да оның еңбегі ерекше. Сонымен қатар ата-анамен байланысты нығайтып, балабақша мен отбасы арасындағы ынтымақтастықты күшейту мақсатында жүзеге асырылған «Аналар мектебі» жобасын жоғары деңгейде ұйымдастырып, көпшіліктің оң бағасына ие болды. Топ ішінде еңбекқорлыққа баулу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстары да жемісті жалғасып келеді.
   Білім мен тәжірибені ұштастыра білген педагогтың шығармашылық ізденісі де үздіксіз. Оның «Рухани тәрбие - бала тұлғасының бастауы» атты ғылыми-әдістемелік мақаласы республикалық «Ы.Алтынсарин ізбасарлары» ғылыми-тәжірибелік журналында жарияланып, кәсіби қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды.
   Еңбектің нәтижесі әрдайым бағаланады. Биылғы оқу жылында өткен «Мектепке дейінгі ұйымға арналған үздік дамытушы бағдарламасы» атты аудандық байқауда ІІ орын иеленуі - оның кәсіби шеберлігі мен үздіксіз ізденісінің айқын дәлелі.
   Нұржамал Ергешқызы қоғамдық жұмыстардан да ешқашан шет қалған емес. Ұжымның сеніміне ие болып, соңғы жылдары бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланды. Ол кәсіподақ жетекшісі ретінде ұжымдағы ауызбіршілік пен ынтымақты нығайтуға, әріптестердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге, мәдени-көпшілік және сауықтыру шараларын ұйымдастыруға белсенді атсалысып келеді. Ұжым басшылығымен бірлесе жүзеге асырып жүрген игі бастамалары еңбек адамын құрметтеу мен ұйымшылдықты нығайтуға бағытталған.
   Ұстаздық - жүрекпен атқарылатын мамандық. Ал Нұржамал Ергешқызы осы қасиетті жолда өз кәсібіне адалдықтың, жауапкершіліктің және мейірімнің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Оның еңбек жолы - жас мамандар үшін өнеге, әріптестері үшін сенім мен сыйластықтың, ал тәрбиеленушілері үшін ізгілікке бастайтын шамшырақ.