Қызылорда қаласында әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамыту мәселелеріне арналған қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қазіргі жай-күйі, әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру барысында туындап отырған мәселелер және еңбек заңнамасының сақталуы қаралды. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде және кезек күттірмейтін өзекті мәселелер бойынша Қызылорда облысы бойынша «Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының басшысы мен ҚР Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары баяндама жасады.
Талқылау барысында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов әлеуметтік төлемдерді уақтылы аудармайтын жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті.

"Әлеуметтік төлемдерді мерзімінде аудармайтын мекемелердің есебін жүйелі түрде жүргізіп, салық органдары мен Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің қатысуымен бірлескен бақылау жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар еңбек заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету бойынша нақты әрі тиімді шаралар қабылдануы тиіс", – деді ол.
Отырыс қорытындысында көтерілген мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар беріліп, әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және еңбеккерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.