Қоғам дамуының негізгі тетігі - адал еңбек пен кәсіби біліктілік болса, сол игі жолда өнегелі із қалдырып жүрген тұлғалардың орны қашан да ерекше. Нағыз маман қалыптасуы үшін терең білім мен табандылық қажет-ақ, алайдa сол жолда бағыт-бағдар берер тәлімгердің орны тіпті бөлек.
Шымкент қаласындағы еңбек жолы мен қоғамдық белсенділігімен танымал Асылан Келімбетовтің өмір жолы мен оның кәсіби ұстазы Серік Әуесхановпен арасындағы қарым-қатынасы - осының дәлелі.

Асылан Жұмабайұлының тәжірибе мен табандылық ұштасқан өмір жолы - ізденіс пен еңбекқорлықтың үлгісі. 1981 жылы Арыс қаласында дүниеге келген ол, еліміздің құқық қорғау және мемлекеттік қызмет саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Алматыдағы Орталық-Азия университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын қарапайым күзетшіден бастаған ол кейін көлік прокуратураларында прокурордың көмекшісі, Астана қаласы Нотариаттық палатасының директоры және білім беру саласында басшылық қызметтерді атқарды.
Бүгінде ол Шымкент қаласы әкімі аппаратының терроризмге қарсы бөлімінің басшысы және Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушысы ретінде білімін шыңдап келеді. Осындай қарышты қадамдар мен жауапты міндеттердің ортасында жүрген Асылан Жұмабайұлының кәсіподақ қызметінде де абыройлы белестерді бағындырғаны байқалады.

Әрбір жетістіктің артында ұстаздың өлшеусіз еңбегі тұратыны анық. Асылан Жұмабайұлының кәсіподақ саласындағы белсенді қызметі мен өсу жолы «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесхановтың есімімен тығыз байланысты.
2023 жылы «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Шымкент қаласы әкімінің аппараты» мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланған сәттен бастап, Асылан Жұмабайұлы салалық кәсіподақ филиалының төрағасы, тәжірибелі жетекші Серік Елемесұлынан үлгі ала білді. Екі азаматтың өзара тығыз қарым-қатынасы мен үйлесімді жұмысының нәтижесінде қалалық филиал қысқа мерзімде қарқынды дамыды.
Әсіресе, орталық кеңестің Шымкент қаласында өткен көшпелі отырысын жоғары деңгейде ұйымдастыруға қосқан ортақ үлестері мен филиалдың «Тез дамып келе жатқан» номинациясын жеңіп алуы - осы берік әріптестіктің жемісі.
Серік Елемесұлының сенім артып, бағыт көрсетуінің арқасында Асылан Келімбетов кәсіподақ ұйымының Атқару Комитетінің мүшесі, кейіннен филиал Төрағасының орынбасары болып сайланды, сондай-ақ республикалық ХІІ съезге делегат ретінде қатысты.
Бүгінде әріптестері мен ұжымы арасында сыйлы, өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол маман ретінде танылған Асылан Жұмабайұлы - төрт баланың үлгілі әкесі әрі қамқор отағасы.

Мемлекеттік қызмет пен қоғамдық жұмысты қатар алып жүрген ол ұстазы, іскерлік пен адами парасаттың үлгісі болған Серік Елемесұлынан алған өмірлік тәлім-тәрбиесін әрдайым мақтаныш тұтады.
Асылан Келімбетов пен тәлімгері Серік Әуесхановтың арасындағы байланыс тек қызметтегі әріптестік қана емес, сонымен қатар жылдар бойы қалыптасқан адал достық пен ұрпақтар сабақтастығының шынайы көрінісі.