«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясында «Қызылорда тазалығы» мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымы еңбек адамын әлеуметтік қорғау, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып келеді.
Биыл кәсіпорынның Ұжымдық шарты жаңартылып, 2026 жылға қабылданды. Құжатқа Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіне енгізілген соңғы өзгерістер толық енгізіліп, жұмыскерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа нормалар қамтылды. Ұжымдық шарт еңбек дауларын келіссөз арқылы шешуге, жұмыскерлерді заңсыз әрекеттерден қорғауға және жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтуға негізделген.

Кәсіподақ ұйымы еңбек ұжымының ынтымағын арттырумен қатар, жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау мен ынталандыруға да ерекше көңіл бөледі. Мерекелік күндерде салтанатты іс-шаралар өткізіліп, үздік жұмыскерлер марапатталады, ал өмірлік қиын жағдайға тап болған жұмыскерлерге материалдық көмек көрсетіледі.
Жыл басынан бері Наурыз мерекесіне орай 500-ден астам жұмыскерлердің қатысуымен мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында кәсіпорынның 200-ге жуық әйел жұмыскерлер марапаттар мен сыйлықтарға ие болды. Ал «Коммуналдық жұмыскерлер күні» мен мерейтойлық даталарға орай 50 жұмыскер еңбектегі жетістіктері үшін марапатталды.

Сонымен қатар, жыл басынан бері отбасылық жағдайына байланысты 4 жұмыскерге материалдық көмек көрсетілді.
Осындай нақты істер арқылы «Қызылорда тазалығы» бастауыш кәсіподақ ұйымы еңбек адамының мүддесін қорғап қана қоймай, әрбір жұмыскердің әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған кәсіподақтың шынайы қолдауын көрсетіп келеді.