Шымкентте еңбек дауларының алдын алу жұмыстары жалғасуда

Салалық және өңірлік жаңалықтар 31.07.2026

Шымкентте еңбек дауларының алдын алу жұмыстары жалғасуда

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы «Заң клиникасы» бағытындағы жұмысын жүйелі түрде жүргізіп, қаладағы кәсіподақ мүшелеріне тегін білікті құқықтық көмек көрсетуді жалғастыруда.

 

Кезекті жеке қабылдау барысында Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Ермек Ерғалиұлы Қаңлыбаевқа «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының құрамындағы кәсіподақ мүшесі келіп, өзін толғандырған еңбек қатынастары мен еңбек құқықтары туралы мәселелер бойынша жан-жақты кеңес алды.

 

Кездесу барысында азаматша жұмыс орнындағы еңбек жағдайлары, еңбек шартын жасасу және оған өзгерістер енгізу тәртібі, сондай-ақ жұмыс уақыты мен демалыс мерзімдеріне қатысты өзекті сұрақтарды көтерді. Ермек Ерғалиұлы әрбір түйінді сұраққа мұқият құлақ түріп, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі нормаларына сәйкес нақты түсіндірмелер мен құқықтық бағдар берді.

«Әрбір жұмыскер өз құқықтары мен міндеттерін нақты білуі тиіс. Заң клиникасының басты мақсаты – азаматтарға кәсіби құқықтық көмек көрсетіп қана қоймай, еңбек дауларын сотқа дейінгі тәртіппен әділ шешуге жол көрсету», - деп атап көрсетті Ермек Ерғалиұлы.

 

Мұндай жеке қабылдаулар жұмыскерлердің құқықтық сауаттылығын көтеріп қана қоймай, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосады.

 

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы «Заң клиникасы» бағытында алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастырып, әрбір кәсіподақ мүшесінің мүддесін қорғауға және құқықтық көмек көрсетуге әрқашан дайын.