Кәсіподақтар еңбек кепілдіктерінің болашағын талқылады

Салалық және өңірлік жаңалықтар 03.08.2026

Кәсіподақтар еңбек кепілдіктерінің болашағын талқылады

Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының «Астана» қалалық филиалы «Кәсіподақтық форсайт: еңбек кепілдіктерінің болашағы» атты екі күндік көшпелі іс-шара өткізді. Іс-шара «Щучинский» шипажайының базасында ұйымдастырылып, салалық кәсіподақ қозғалысының көшбасшылары мен белсенділерінің басын қосты.

 

Іс-шараға әйелдер комитетінің, жастар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ филиалға қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – кәсіподақтардың кадрлық әлеуетін нығайту, көшбасшылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құрылыс саласы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаудың тиімді стратегияларын әзірлеу болды.

 

Екі күндік бағдарламаның басты тақырыбы «Қазақстан Республикасы заңнамасындағы өзекті өзгерістер» тақырыбындағы семинар болды. Семинар барысында қатысушылар еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістерді, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелерін, сондай-ақ кәсіпорындар деңгейіндегі әлеуметтік әріптестік тетіктерін жан-жақты талқылады.

Бағдарлама аясында білім беру бөлімінен бөлек стратегиялық сессиялар мен пікірталас алаңдары ұйымдастырылып, онда белсенділер еңбек құқықтарын қорғауда жастар кеңестері мен әйелдер комитеттерінің рөлін күшейту; жұмыспен қамту саласындағы жаңа сын-қатерлер және оларды шешу жолдары; кәсіподақ қызметінің заманауи құралдарын енгізу және еңбек ұжымдары ішіндегі коммуникацияларды цифрландыру сынды  мәселелерді қарастырды.

 

«Бүгінде құрылыс кешені мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Бұл кәсіподақтардан икемділікті, заманауи құзыреттерді және нормативтік-құқықтық базаны терең білуді талап етеді. Форсайт форматындағы бұл іс-шара бізге Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзекті өзгерістерді талқылап қана қоймай, еңбек кепілдіктерінің болашағына көз жүгіртіп, еңбек адамының мүддесін қорғау бағытындағы алдағы жұмысымыздың нақты бағдарын айқындауға мүмкіндік берді», – деді филиал төрайымы Тілеулес Мадиярова.

 

Екі күндік жұмыстың қорытындысы бойынша қатысушылар қарар қабылдап, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына арналған практикалық ұсынымдар әзірледі. Өткізілген іс-шара салалық кәсіподақ қозғалысының дамуына тың серпін беріп, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы кәсіподақ көшбасшыларының командалық рухы мен сарапшылық әлеуетін нығайтты.