Мұқанов-Жайғалиевтер әулеті Ақтөбе ферроқорытпа зауытының тарихымен біте қайнасып келе жатыр. Жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асатын еңбек династиясының негізін қалаған, бүгінде ферроқорытпа зауытының лайықты қызметкері – Мұқанов Көбей Жайғалиұлы ұрпақтар сабақтастығын сақтаған адам. Бір атаның алты ұрпағы өндіріс саласын таңдап, қызметтерін атакәсіпке айналдырған.
Бұл әулет – бірлігімен ерекшеленген ағайындылардың ұрпағы. Бір кәсіпорында бірінің ізінен бірі ілесіп, металлургия саласының сан түрлі мамандығын меңгеріп, маңайға үлгі болып жүрген азаматтардың үлкен ағалары Көбей Жайғалиұлының өнегесін көріп келе жатыр.
Өзінің отыз төрт жылын өнеркәсіпке арнаған әулеттің үлкені, жөндеу-механикалық цехының инженер-технологі Көбей ағайдың мына бір естелігі оның зауыттағы алғашқы жылдарына жетелейді:
"Мені зауытқа әкелген жолымның өзіндік маңызды кезеңдері болды. «Кәсіптік-техникалық білімдегі кәсіпқойлар мектебін» бітіргеннен кейін біраз уақыт Ақтөбе қаласындағы кәсіптік училище мен институтта тәлімгер рөлін атқардым. Бірақ бір күні мені қалалық комитетке шақырды: «Сіз ол жақта көбірек қажет боласыз. Ел индустриясын көтеру керек», – деді. Сөйтіп, маған жолдама беріп, бағытты Ақтөбе ферроқорытпа зауытына нұсқады. Осылайша, киелі кәсіпорынға табан тіредім. Өз жолын таңдаған әрбір адамның тарихында кітаптармен ғана емес, тұлғалармен қаланған іргетас болады. Бізге, кәсіптік-техникалық білім берудегі өндірістік оқыту шеберлерінің – металдарды кесу арқылы өңдеу технологтарының түлектері үшін бұл орын мәңгілікке «Кәсіпқойлар мектебі» болып қалды. Біз оны арамызда осылай атайтынбыз, өйткені біздің оқытушыларымыз аты аңызға айналған Днепропетровск инженерлік мектебінің нағыз «атланттары», сондай-ақ индустрияның жүрегі – Қарағанды және Теміртау мектептерінің өкілдері еді. Міне, мен сол оқу ордасынан білім жинап келген бозбала жігіт едім", - дейді ол.

Кезінде Көбей Мұқановты Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жөндеу-механикалық цехына Ақтөбе қалалық партия комитеті мен комсомол комитетінің жолдамасымен алған болатын. Әйтсе де кейіпкеріміз бірден бағы жанған маман болып кетпеді. Сол кездегі тәртіп бойынша сынақтан өту керек болды. Алдымен оған алты айға станокпен жұмыс істетті. Ол кездегі қатаң тәртіппен жүретін басшыларының «Нәтижеңді көрсет, сосын шешім қабылдаймыз» деген талабын қабылдайды. Жас маман алты ай бойы оқыған білімі мен жұмысқа деген қырағылығын, лайықты екенін көрсетіп, қабілетін дәлелдеп шығады.
"Мені жөндеу-механикалық «отбасына» цех басшылары – Анатолий Голышев пен Виктор Селезнев қабылдады. Қазір марқұм болған бұл дана адамдар менің басты тәлімгерлерім болды. Қасымда әрқашан цехтың мақтанышы болған адамдар жүрді. Станокшылар ағайынды Букатовтар және Холостенколар, тәжірибелі шебер-фрезерлеуші Бондаревский, құрметті ақсақал Волненко ұстаздарымды жиі айтамын. Сондай-ақ, осы ұжымның еңбекті ұйымдастыру және мөлшерлеу инженер-нормалаушысы Наталья Погребнаяны да еске алмауға болмайды, оның кәсібилігі біздің еңбегімізді дұрыс бағалауға көмектесті. Станоктағы жарты жылдық сынақтан өткен соң, механикалық учаскенің ауысым шебері болып қабылдандым. Өнеркәсіп дауылды 90-жылдардың өзгерістерінен өтіп жатқан дәуірлер тоғысында алда мені қызыққа толы еңбек майданы күтіп тұрды. Біз кез келген тапшылыққа қарамастан, істі және тәртіпті сақтадық. Әрбір өндірістік сынақ менің жеке «даналық шынығуым» болды. Ферроқорытпа зауытында Голышев пен Селезневтің тәлімгерлігімен, адал жолдастардың қолдауымен және Сергей Качарава, Темірбай Мамырбаев пен Бауыржан Жұмашевтің, сол кездегі өндірістің басты механигі Владимир Петрович Прокоповичтің жетекшілігімен, бағыт-бағдарымен, машина бөлшектерін жасау технологиясы туралы бірегей білімдерінің арқасында осы мектептен өтіп, цехтың инженер-технологіне дейін өстім", – деп еске алды.
Иә, бүгінде Көбей Мұқановтың зауыттағы 34 жылдық жолы – іске адалдықтың тарихы. Адал еңбегі үшін басшылық тарапынан бірнеше рет марапатталды. Түгел компания атынан да, зауыт әкімшілігінен де бірқатар алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары бар қызметкер. Ерекше кәсібилігі мен компанияға деген адалдығының арқасында корпоративтік «ERG-ге адалдығы үшін» төсбелгісін иеленіп, 2025 жылы зауыттың Құрмет тақтасына енген. Бөлшектер мен құрастырылым ісінде темірдің әр бөлшегіне жан бітірген, цех жұмыстарында әр түйіннің маңызын көрсете білген азамат осындай қарапайым еңбегімен бауырларына үлгі болып, олардың да зауытқа келулеріне ықпал етті.
Жайғалиев Данияр Асанұлы – осы жөндеу-механикалық цехында құю учаскесінің қолдан құю қалыпшысы (формовщик ручной формовки литейного участка). Зауытта 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Даниярдың еңбек өтілі – 22 жыл. Оның шеберлігі кәсіпорын тарапынан мойындалды. Мысалы, 2022 жылы оның да суреті зауыттың Құрмет тақтасында ілініп тұрды.
Жайғалиев Медет Асанұлы – 2020 жылдан бері «ERG Recycling» ЖШС стратегиялық маңызды объектісі – қордаланған қалдықтарды өңдеу учаскесінде КиГИС бригадасын басқарады. Жалпы еңбек өтілі – 6 жыл. Ерекше еңбегі мен өзіне тән құндылықтарының арқасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша «ERG Новаторы» құрмет грамотасымен марапатталған.
Інісі Артур Сұлтанәліұлының да зауытта еңбек етіп келе жатқанына 10 жылдан асты. Кәсіпорын жабдықтарының тоқтаусыз жұмыс істеуінде жөндеуші слесарь Артурдың да үлесі зор.
Көбей Мұқановтың тағы бір ағасы Үсеннің ұлы Жайғалиев Қобыланды – қолдан құю қалыпшысы (формовщик ручной формовки литейного участка). Жиырма жылдан аса еңбек өтілі қалыптасқан жігіт те ағаларының жолымен үздік қызметкер қатарынан көрініп жүр.
Байқасақ, ағайындылар Ақтөбе ферроқорытпа зауытының атақты жөндеу-механикалық, энергиямен қамту цехында және басқа да маңызды цех-бөлімшелерінде сап түзеген. Осы жөндеу-механикалық цехында кезінде токарь болып жұмыс істеген, бүгінде өмірден өткен інісі Қыдырғалидың ұлы Жайғалиев Ержан – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты энергия цехының слесарі, кәсіпорынның газ жабдықтарын сенімді пайдалану мен жөндеуді қамтамасыз етеді. Мұнда келгеніне 4 жылдың төңірегі болса да, өнегелі әулеттің ізін жалғап келе жатыр.
Жайғалиевтер әулетінің алдыңғы буыны бауырларын кәсіпорынға жетелеп қана қоймай, оларға тәлімгер болды. Жөндеу-механикалық цехында олардың отбасылық тандемі бүтін бір қызметтің бір қолдан шығуына сеп болғандай. Тұрақтылық, тәртіп пен жауапкершілік – ағайындыларды абырой биігіне шығарған, зауыттың беткеұстар тұлғаларына айналдырған асыл қасиеттері еді.
Жайғали әкемізден тараған қай ұрпақты алсақ та, өз кезеңінде Ақтөбенің Ойыл, Қараой өңірінде, әсіресе өмірден өтіп кеткен ағалары Асан мен Үсен еліне беделді жүргізуші, директор орынбасары сынды қызметте жүрген. Заманында тоқтаусыз еңбек еткен әкелердің ұлдары бүгінде міне, лайықты, азамат атына сын келтірмей, бір-бір үйдің тірегіне айналғанын көріп отырмыз. Бұл жерде бізге корпоративтік рухты да байқауға болады. Балқытылған металл ортасында туыстық қатынасты үзбеген әулет – бәріне үлгі. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының тынысы Көбей Мұқанов сынды адамдарымен толығып тұрады. Зауыттың ауласына дем беріп, өндіріс ошағының тарихынан сыр шертер аға буынның бары қуантады.
Өзі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған Көбей Жайғалиұлы әкесінің де, «әке» ретіндегі өзінің де аманатын арқалап, бауырлары мен балаларына қамқор болған жанашыр жан. Сөзге емес, іске шебер Көбей ағамыз қазір зейнеттік жасқа таяп қалды. Алайда зауытта әлі ағайындылардың ізі жоғалмай, әріптес бауырлардың қатары көбейеді деген сенімдеміз.