Еңбек адамы - Гүлнұр Молдабекова

Салалық және өңірлік жаңалықтар 04.08.2026

Еңбек адамы - Гүлнұр Молдабекова

Адам өміріндегі ең маңызды таңдаулардың бірі – мамандық пен өмірлік жолды дұрыс айқындау. Ал сол жолда табандылық танытып, адал еңбегімен елге сыйлы болу - нағыз еңбек адамына тән қасиет.


Гүлнұр Молдабекова - өз ісіне берілген кәсіби маман, еңбек жолын игілікке бағыттаған жан. 1975 жылы Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында дүниеге келген Гүлнұр Орынбасарқызы еңбек жолын балаларға қамқорлық жасау мен білім беруге арнады. 2010 жылдан бері Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Қолдау» балалар орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде мұғалім-дефектолог болып табысты еңбек етіп келеді. Осындай жауапты салада ерекше мейірім мен кәсіби біліктілікті талап ететін мамандықтың қыр-сырын меңгерген ол балалардың әлеуметтік бейімделуіне өлшеусіз үлес қосып жүр.
  Педагогикалық қызметпен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан Гүлнұр Орынбасарқызы 2015 – 2026 жылдары аталмыш мекеменің бастауыш кәсіподақ комитетінің төрайымы қызметін абыроймен атқарды.   Осы жылдар ішінде ұжым қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту және ұжымдағы өзара ынтымақты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді.


  Кәсіподақ қызметінің қыр-сырын меңгеріп, көшбасшылық қабілетін шыңдауда «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесхановтың қолдауы мен бағыт-бағдары ерекше болды. Серік Елемесұлының бастамасымен ұйымда талай игі істер жүзеге асып, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жоғары деңгейге көтерілді.
  Осындай ұйымшылдық пен өзара сенімнің нәтижесінде атқарылған жұмыстар жоғары бағаланып, Гүлнұр Молдабекова «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды. Бұл жетістік тек жеке еңбектің ғана емес, тұтас ұжымның бірлігі мен татулығының жемісі.


 Сонымен қатар, сенім жүгін арқалаған Гүлнұр Орынбасарқызы «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы Атқару комитетінің мүшелігіне сайланып, Астана қаласында өткен «Қызмет» салалық кәсіподағының XII республикалық съезіне делегат ретінде қатысты. Бұл - республикалық деңгейде маңызды мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген үлкен белес.
    Ерен еңбек пен белсенді қоғамдық қызметтің арқасында ол Серік Елемесұлы Әуесхановтың қолдауымен «Әлеуметтік саланың үздігі» төсбелгісіне ие болды. Бұл марапаттар - әрбір іске жауапкершілікпен қараған адал еңбектің лайықты бағасы.


 Қарапайым мұғалім-дефектологтан салалық кәсіподақтың Атқару комитетінің мүшелігі деңгейіне көтеріліп, әріптестерінің сенімін ақтап жүрген Гүлнұр Орынбасарқызы секілді жандар - бүгінгі күннің нағыз еңбек озаты, әрі әрбір ұжым үшін үлгілі басшы әрі ұйытқы.