"Төрағаға 100 сұрақ": Ашық диалог - сенімді кәсіподақтың кепілі

Салалық және өңірлік жаңалықтар 05.08.2026

"Төрағаға 100 сұрақ": Ашық диалог - сенімді кәсіподақтың кепілі

«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясында Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағының «Астана» қалалық филиалы «Төрағаға 100 сұрақ» интерактивті акциясын өткізді.

Іс-шараға Әйелдер комитетінің, Жастар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ мүшелік ұйымдардың бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақ белсенділері қатысты.

Акцияның басты мақсаты – кәсіподақ мүшелерімен ашық әрі еркін диалог орнату, ішкі коммуникацияны нығайту, еңбек ұжымдарындағы өзекті мәселелерді талқылау және кәсіподақ қызметінің ашықтығын арттыру. Мұндай кездесулер ұйым қызметіне деген сенімді күшейтіп, әрбір кәсіподақ мүшесінің пікіріне мән берілетінін көрсетеді.

Кездесу барысында қатысушылар филиал төрағасына еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігі, әлеуметтік кепілдіктер, еңбек құқықтарының қорғалуы, жастар саясаты, қызметкерлерді сауықтыру, бос уақытты ұйымдастыру, сондай-ақ кәсіподақтың алдағы даму бағыттары мен жаңа бастамаларына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қойды. Әрбір сауалға нақты, ашық әрі жан-жақты жауап беріліп, көтерілген ұсыныстар мен пікірлер алдағы жұмыста ескерілетіні атап өтілді.

«Астана» қалалық филиалының төрағасы Тлеулес Мадьярова өз сөзінде күшті кәсіподақтың негізі – сенім мен өзара ашық қарым-қатынас екенін ерекше атап өтті.
«Кәсіподақтың күші – оның мүшелерінің бірлігінде.Біз үшін әрбір адамның пікірін тыңдау, еңбек ұжымдарындағы өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды бірлесіп шешу – басты міндеттердің бірі. Осындай кездесулер ортақ мақсатқа жұмылып, кәсіподақ жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – деді филиал төрағасы.

Кездесу соңында ең мазмұнды әрі есте қалған сұрақтың авторы анықталып, оған естелік сыйлық табыс етілді. Бұл қатысушылардың белсенділігін арттырып, ашық пікір алмасу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.

«Төрағаға 100 сұрақ» акциясы кәсіподақ қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде өз жалғасын табады.Ұйым алдағы уақытта да еңбек адамдарының ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра береді.