«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқаны аясындағы «Еңбек адамы» жобасының басты мақсаты – өз ісіне адал, ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамдарын көпшілікке үлгі ету. Осындай азаматтардың бірі – Жамбыл облысы, Талас ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі инженері, кәсіподақ белсендісі Айдулла Есбосынов.
Айдулла Әбуұлының еңбек жолы 1975 жылы қарапайым жұмысшы болып басталды. Елу жылдан астам уақыт ішінде ол қай қызметте еңбек етсе де, жауапкершілік пен адалдықты басты қағидасына айналдырды. Құрылыс саласында еңбек етіп, Жамбыл қаласындағы тұрғын үйлердің, өндірістік және әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне өз үлесін қосты.
Оның еңбек жолындағы ерекше белестердің бірі – табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіру жұмыстары. Армениядағы жойқын жер сілкінісінен кейін Ленинакан қаласындағы мектеп құрылысына қатысып, кейін Шығыс Қазақстан мен Қырғызстандағы табиғи апат салдарын жою жұмыстарына белсене араласты. Бұл – оның кәсіби шеберлігімен қатар, азаматтық жауапкершілігінің де жарқын көрінісі.
1998 жылдан бері Айдулла Есбосынов Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында еңбек етіп келеді. Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі инженері ретінде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру бағытында табанды еңбек етіп келеді. Әріптестері оны білікті маман, ұйымдастыру қабілеті жоғары, адамгершілігі мол азамат ретінде ерекше құрметтейді.
Еңбек адамының мүддесін қорғау – кәсіподақтың басты міндеті. Осы бағытта Айдулла Әбуұлы ұзақ жылдар бойы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде қызмет атқарып, еңбеккерлердің әлеуметтік және құқықтық мүдделерін қорғауға, еңбек заңнамасының сақталуына, ұжымдағы әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына зор үлес қосты. Оның бастамасымен көптеген қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіліп, еңбек ұжымындағы өзара сыйластық пен бірлік нығая түсті.
Еңбегі еленген азамат кәсіподақтың «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен, «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапатталып, облыстық және аудандық деңгейдегі көптеген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттардың иегері атанды. Бұл марапаттар – оның көп жылғы адал еңбегіне, кәсіби біліктілігі мен қоғам алдындағы жауапкершілігіне берілген әділ баға.
Бүгінде кәсіподақ ұйымдарының басты мақсаты – еңбек адамының құқықтарын қорғап қана қоймай, олардың қоғамдағы беделін арттыру. «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» науқаны осы міндетті жүзеге асыруға бағытталған маңызды бастама. Өйткені еңбек адамына көрсетілген құрмет – елдің дамуына көрсетілген құрмет.
Айдулла Есбосыновтың өнегелі еңбек жолы – жас ұрпақ үшін жауапкершіліктің, кәсібіне адалдықтың және елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Осындай еңбек адамдарының есімі мен еңбегі әрдайым құрметке лайық. Себебі елдің ең үлкен байлығы – адал еңбек ететін азаматтар.