Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының туы Африканың ең биік нүктесі – Килиманджаро шыңына (5895 метр) тұңғыш рет көтерілді.
Бұл мәнді сапарды ҚРКФ Төрағасының кеңесшісі Қайрат Айбосынов жүзеге асырды.
.jpg)
Кәсіподақ қозғалысы үшін бұл «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» атты жалпыкәсіподақтық науқан аясындағы маңызды оқиға және миллиондаған қазақстандық еңбеккерге көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Қайрат Айбосынов құрамында 21 Қазақстан азаматы бар топты бастап шықты, олардың басым бөлігі – кәсіподақ мүшелері. Шыңға апаратын жол бес күнге созылып, тағы екі күн төмен түсуге кетті. Қатысушылардың айтуынша, бұл бағыт төзімділікке, өзара көмекке және қайсарлыққа сын болған.

Шыңда желбіреген ту Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басты мақсатын – еңбек адамына лайықты құрмет көрсетуді, қызметкерлердің құқығын қорғауды және әлеуметтік әділдік қағидаттарын нығайтуды білдіреді. Шыңға шығу жолы сабыр мен табандылықты қажет еткендей, кәсіподақ жұмысы да әрбір азаматтың еңбегі лайықты бағаланып, қорғалуы үшін жасалатын күнделікті игі іс.

«Жеті күндік жол бойы Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының туын Килиманджаро шыңына көтере отырып, өз еңбегімен еліміздің бүгіні мен болашағын қалап жатқан миллиондаған отандасымыз туралы толғандым. Бұл ту – әрбір еңбек адамына көрсетілген терең құрметтің белгісі. Біз оның қоғамдағы мәртебесі мен беделі дәл бүгін туымыз көтерілгендей биік болуын қалаймыз», – деп атап өтті Қайрат Айбосынов.

Оның айтуынша, бұл сапар үлкен мақсаттарға жету әрқашан алғашқы қадамнан басталатынын тағы бір мәрте еске салды.
«Кез келген шың алғашқы қадамнан басталады. Кәсіподақтар федерациясының туын Килиманджароға көтере отырып, еңбек адамы ең биік шыңдарға – құрметке, әділ жалақыға, қауіпсіз еңбек жағдайына және қоғамның мойындауына лайық екенін көрсеткіміз келді. Сонымен қатар біз өз тәжірибемізбен бөлісуді жөн көрдік. Біз жүріп өткен бұл бағыт алдағы уақытта Килиманджароны бағындырғысы келетін барлық отандасымызға ұсынылатын болады. Бұл шың көптеген қазақстандық үшін қолжетімді боларына сенімдімін», – деді Қайрат Айбосынов.

Килиманджароға көтерілу физикалық дайындықты, төзімділік пен қайсар мінезді талап етті. Кеншілер, металлургтер, мұғалімдер, дәрігерлер, құрылысшылар, энергетиктер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері және Қазақстанның дамуына үлес қосып жүрген ондаған басқа да мамандық иелері осындай қасиеттерді күн сайын танытып жүр.

Бұл жоба жалғасын табады. Келесі жылы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемдегі кәсіподақ мүшелері арасында еңбек адамын қолдау және белсенді өмір салтын насихаттауға арналған кезекті мәнді шара ретінде Эвересттің базалық лагеріне тауға шығу ұйымдастырылмақ.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы