Елордада еңбек қатынастары мен жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 07.08.2026

Елордада еңбек қатынастары мен жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханның төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың, кәсіподақтардың және жұмыс берушілердің өкілдері қатысып, қаладағы еңбек қатынастарының жай-күйі мен жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов баяндама жасады.

 

Отырыста өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті жұмыскерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Жыл басынан бері осы талапты орындамаған 8 жұмыс берушіге жалпы сомасы 5 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

 

Баяндамашы өндірістік жарақаттардың негізгі себептері еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы, өндірістік процестерді ұйымдастырудағы кемшіліктер және жұмыскерлердің жеткілікті даярлықсыз жұмысқа жіберілуімен байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытуды жүйелі ұйымдастырып, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге, кәсіптік тәуекелдерді бағалауға және міндетті медициналық тексерулерді уақытылы өткізуге тиіс.

Комиссия отырысында еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етудегі маңызды құрал – Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне мәліметтерді уақтылы енгізу мәселесі де көтерілді. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер еңбек шарттарын жасасу, өзгерту және тоқтату туралы ақпаратты заңда белгіленген мерзімде жүйеге енгізуге міндетті. Бұл талаптардың сақталмауы әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

 

Сонымен қатар комиссия отырысында Астана қаласының әкімдігі, жұмыс берушілердің уәкілетті өкілдері және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері арасында жасалған 2024–2026 жылдарға арналған Қалалық келісімнің орындалу барысы қаралды.

 

Бұл мәселе бойынша Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов пен Қазақстан Республикасы жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) «PARYZ» ұлттық конфедерациясы Бас директорының орынбасары Шолпан Әбікенова баяндама жасады.

Баяндамашылар Қалалық келісім аясында әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек қатынастарын тұрақтандыру, жұмыскерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұжымдық шарттар жасауды кеңейту және жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы сындарлы диалогты нығайту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Жиын қорытындысында әлеуметтік әріптестік тараптарына жұмыс берушілер арасында еңбек заңнамасының талаптарын сақтау, Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне мәліметтерді уақытылы енгізу және жұмыскерлерді міндетті сақтандыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, Қалалық келісімде көзделген міндеттемелердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.