Адам кейбір мамандықтарды саналы түрде таңдайды. Ал кейбір адамдар үшін мамандық өмірінің ажырамас бөлігіне айналады. Осындай жандардың бірі – «Семей орманы» Мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ Бөкебай филиалы Бөкебай орманшылығының аумағын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторы Бейсембай Елемесұлы Мусин. Ол кісі өмірінің қырық жылдан астам уақытын орман шаруашылығына арнады. Бұл жай ғана еңбек жолы емес – туған өлкенің орман байлығын сақтауға бағытталған жауапкершілікке, кәсібилікке және өз ісіне деген адалдыққа толы жылдар.
Мусин Бейсембай Елемесұлы 1963 жылдың мамыр айында қазіргі Абай облысы, Бесқарағай ауданының Бөкебай ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебін бітіргеннен кейін, 1980 жылдың мамыр айында еңбек жолын Бөкебай механикалық орман шаруашылығында кең тұтыну тауарлары цехының жұмысшысы болып бастады. Кейін Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеп, әскерде жүргізуші мамандығын меңгерді. 1983 жылы елге оралған соң орман шаруашылығындағы еңбек жолын жалғастырып, Бөкебай орман шаруашылығында жүргізуші болып жұмыс істеді. Туған ауылында отбасын құрды. Фельдшер болып еңбек еткен жұбайымен бірге екі қыз тәрбиелеп өсірді. Отбасы әрдайым оның сенімді тірегі болса, туған жері өмірлік еңбегін арнаған мекеніне айналды.
1986 жылы оның кәсіби жолында жаңа кезең басталды – Бейсембай Елемесұлы Бөкебай орманшылығына орманшы қызметіне ауыстырылды. 2008 жылдың қаңтар айынан бастап орман шаруашылығы құрылымының өзгеруіне байланысты бұл қызмет Бөкебай филиалының «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ аумағын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторы деп аталды. Бүгінгі күнге дейін ол осы қызметті абыроймен атқарып келеді. Кәсіби біліктілігін арттырудың маңызын түсінген Бейсембай Елемесұлы арнайы білім алды. Семей қаласындағы Аграрлық бизнес және экономика колледжін «Орман шаруашылығы шебері» мамандығы бойынша тәмамдады.
Аумақты қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор мамандығы – орман шаруашылығындағы ең жауапты қызметтердің бірі. Бұл жай ғана жұмыс емес, үлкен төзімділікті, ұқыптылықты, терең білімді және табиғатқа деген шынайы сүйіспеншілікті талап ететін күнделікті қызмет. Мемлекеттік инспектордың басты міндеті – орман аумақтарын қорғау, табиғи байлықтарды сақтау және орман заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету. Оның жұмысына орман учаскелерінің жағдайын тұрақты бақылау, аумақтарды аралау және патрульдеу, орманда болу ережелерінің сақталуын қадағалау, заң бұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау шараларын қабылдау кіреді. Орман күзеті қызметінде орман өрттерінің алдын алу жұмыстары ерекше маңызға ие. Өрт қаупі жоғары кезеңде инспектор үнемі дайындық жағдайында болады: өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылайды, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, қауіп-қатерлерді анықтап, орман алқаптарын қорғау шараларына қатысады. Бұл қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Орман демалыс пен мерекені білмейді. Мемлекеттік инспектор жылдың кез келген мезгілінде, ауа райының қандай жағдайына қарамастан, өз бағытына шығып, аумақтың жағдайын тексеруге, өзгерістерді дер кезінде байқауға және қажетті шараларды қабылдауға дайын болуы керек.
Қызмет жылдары ішінде Бейсембай Елемесұлы өзіне сеніп тапсырылған аумақты өте жақсы меңгерді. Ол орман учаскелерінің ерекшеліктерін, ағаштардың жағдайын, орман жолдары мен бағыттарын жақсы біледі. Ол үшін орман – жай ғана жұмыс орны емес, үнемі қамқорлық пен қорғауды қажет ететін тірі әлем. Оның артында күнделікті орман аралаулары, мыңдаған шақырымдық орман жолдары, аптап ыстықта да, қақаған суықта да атқарылған еңбек жылдары қалды. Оның еңбегі көп жағдайда көзге көрінбегенімен, дәл осындай мамандардың жауапкершілігі мен табандылығының арқасында табиғи байлығымыз сақталып келеді.
Бейсембай Елемесұлы өзін білікті, жауапты және талапшыл маман ретінде таныта білді. Оған кәсібилік, еңбекқорлық, тәртіптілік және табиғатқа деген құрмет тән. Көп жылдық қызметі барысында жинаған мол тәжірибесін ол әрдайым әріптестерімен және жас мамандармен бөлісіп келеді. Қырық жылдан астам еңбек жолында Бейсембай Елемесұлы жұмысшы мен жүргізушіден бастап, тәжірибелі мемлекеттік орман инспекторына дейінгі үлкен кәсіби жолдан өтті. Осы жылдардың барлығында ол таңдаған мамандығына адал болып, өз міндетін үлкен жауапкершілікпен атқарды. Ол үшін орман – тек қорғауды қажет ететін ағаштар мен аумақ қана емес. Орман – оның ұзақ жылдар бойы қызмет еткен, жүрегімен жақын қабылдаған тірі әлемі. Ол әрбір орман алқабының маңызын түсініп, оны сақтау үшін бар күшін жұмсады.
Бейсембай Елемесұлы сияқты адамдар – орманның нағыз жанашырлары. Олардың еңбегі әрдайым көзге көріне бермейді, алайда дәл осындай азаматтардың жауапкершілігі, білімі мен өз ісіне деген адалдығы арқасында болашақ ұрпақ туған табиғатымыздың сұлулығын тамашалай алады. Осы жылы Мусин Бейсембай Елемесұлы құрметті еңбек демалысына шығады. Алайда орманға арналған жылдар оның өмірінің және Бөкебай орманшылығы тарихының маңызды бөлігі болып мәңгі сақталады.