Абай облысы Кәсіподақтар орталығында азаматтар қабылдауы өтті

Салалық және өңірлік жаңалықтар 07.08.2026

Абай облысы Кәсіподақтар орталығында азаматтар қабылдауы өтті

Абай облысы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Дастан Мұхаев азаматтарды кезекті қабылдау өткізіп, еңбек құқықтарын қорғауға қатысты өтініштерді қарады.
Қаралған мәселелердің ішіндегі ең күрделілерінің бірі «Қазақтелеком» АҚ қызметкерінің штаттың қысқаруына байланысты өтініші болды.


Өтініш иесінің айтуынша, бастапқыда оған алдағы қысқарту туралы хабарлама беріліп, онда ұжымдық шартқа сәйкес тиісті өтемақы төленетіні көрсетілген. Кейін ол «Қазақтелеком» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық жергілікті кәсіподақ ұйымына жүгінгеннен кейін, мәселе келісу комиссиясының отырысында қаралып, нәтижесінде оған тең дәрежелі лауазым ұсынылған. Алайда бұл жұмыс орны Талдықорған қаласында орналасқан.


Өтініш иесінің айтуынша, өзінің қолындағы ақпаратқа сәйкес Семей қаласында да бұрын атқарған қызметіне тең дәрежелі бос жұмыс орындары бар. Соған қарамастан жұмыс беруші оған тек Талдықорған қаласына ауысуды ұсынып, қызметкерді екі таңдаудың біріне – басқа қалаға көшу немесе өтемақысыз жұмыстан босатылу мәселесінің алдына қойған.


Өтініш иесі көптеген құжаттар, қабылданған шешімдер және заңнама нормаларына жасалған сілтемелердің салдарынан өз құқықтары мен заңмен кепілдік берілген мүмкіндіктерін толық түсіне алмай, жағдайдың мән-жайына қатысты күмән туындағанын жеткізді.


Өтініш иесінің Шығыс Қазақстан облысының кәсіподақ мүшесі екеніне қарамастан, бұл оның өтінішін Абай облысы Кәсіподақтар орталығында қарауға ешқандай кедергі болған жоқ. Дастан Мұхаев ұсынылған құжаттарды мұқият зерделеп, келісу комиссиясының шешімдерімен танысып, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің нормаларын, сондай-ақ еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістерді жан-жақты түсіндіріп берді. Жағдайдың әрбір кезеңі егжей-тегжейлі талданып, барлық сұрақтарға нақты түсініктемелер берілді. Нәтижесінде өтініш иесі өз құқықтары мен алдағы іс-қимыл тәртібін айқын түсінуге мүмкіндік алды.