«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: Дәрігерлердің еңбек жағдайы басты назарда

Салалық және өңірлік жаңалықтар 10.08.2026

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: Дәрігерлердің еңбек жағдайы басты назарда

Қызылорда облысында кәсіподақ мүшелерімен тікелей байланыс орнатып, олардың еңбек жағдайы мен әлеуметтік мәселелерін зерделеуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы бағытта «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының мамандары Облыстық жедел-жәрдем стансасының бастауыш кәсіподақ ұйымында «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында кездесу өткізді.


Кездесудің басты мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымының тыныс-тіршілігімен танысу, кәсіподақ мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдау және еңбек ұжымындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелерді талқылау. Бастауыш ұйым – кәсіподақ қозғалысының негізгі буыны болғандықтан, оның тиімді жұмыс істеуі әрбір жұмыскердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғауда маңызды рөл атқарады.


Кездесу барысында жедел-жәрдем стансасы жұмыскерлерінің күнделікті еңбегі, жұмыс жағдайы, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қолдау шаралары және кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері сөз болды. Денсаулық сақтау саласының мамандары тәулік бойы халыққа шұғыл медициналық көмек көрсетіп, үлкен жауапкершілікпен қызмет атқаратындықтан, олардың еңбек жағдайына ерекше көңіл бөлу қажеттігі атап өтілді.


Сондай-ақ кәсіподақ өкілдері жұмыскерлерге еңбек заңнамасында көзделген құқықтары мен кепілдіктері туралы түсіндіріп, туындаған мәселелер бойынша құқықтық және консультативтік көмек көрсету тетіктеріне тоқталды. Кәсіподақ мүшелері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.