«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясындағы «Қуатты бастауыш ұйым» айдары бастауыш кәсіподақ ұйымдарының еңбек ұжымындағы маңызды рөлін кеңінен насихаттауға бағытталған. Осы ретте «Yntymaq» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы құрамындағы «Өркен Әлем» серіктестігі жұмыскерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымын ерекше атап өтуге болады.
Бүгінде кәсіпорында 70-ке жуық адам еңбек етеді. Өндіріс көлемінің артуына байланысты жұмыс орындарының саны да жыл сайын ұлғайып келеді. Мұндай жағдайда еңбек ұжымының тұрақтылығы мен жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Ал осы бағытта бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғап, олардың еңбек жағдайын жақсартуға жүйелі түрде атсалысып келеді.
«Өркен Әлем» серіктестігі – әскери мақсаттағы арнайы киімдер мен қорғаныс құралдарын өндіретін бірегей кәсіпорындардың бірі. Мұнда броньді кеудешелер, каскалар, газтұмылдырықтар, сондай-ақ соққыдан, жарықшақтан және оқтан қорғайтын шлемдердің бірнеше түрі өндіріледі. Өндірістің өзіндік ерекшелігі мен жауапкершілігі жоғары болғандықтан, мұндағы әрбір жұмыскердің еңбегі айрықша маңызға ие.
Осындай жауапты өндірісте еңбек қауіпсіздігіне қойылатын талап та жоғары. Бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек етуіне қажетті жағдайлардың сақталуын назарда ұстап, өндірістегі ықтимал тәуекелдердің алдын алуға және еңбек жағдайларын одан әрі жетілдіруге ықпал етеді. Сонымен қатар кәсіби біліктілікті арттыру, жұмыскерлердің кәсіби дамуына қолдау көрсету және еңбек ұжымының белсенділігін арттыру мәселелері де назардан тыс қалмайды.
Кәсіподақтың күші – оның мүшелерінің бірлігінде. Осы қағиданы берік ұстанған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Аманкүл Жұмаділдаева бастаған кәсіподақ белсенділері ұжымның ортақ мүддесін қорғауға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және кәсіподақ мүшелерінің белсенділігін арттыруға тұрақты түрде үлес қосып келеді.
Бастауыш кәсіподақ ұйымы – жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы әлеуметтік әріптестіктің берік дәнекері. Қуатты бастауыш ұйым – қуатты еңбек ұжымының негізі. «Өркен Әлем» серіктестігінің бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы осы ұстанымның нақты көрінісі. Еңбек адамының құқығы мен мүддесі қорғалған жерде тұрақты еңбек ортасы қалыптасып, өндірістің де берекесі арта түседі.