Адам өмірінде мамандық таңдау — үлкен жауапкершілік. Ал таңдаған кәсібіне жарты ғасырға жуық уақыт адал қызмет ету — кез келген адамға бұйыра бермейтін абырой. Өз ісіне деген адалдықты өмірлік ұстанымына айналдырған жандардың бірі — «Астана-РЭК» АҚ 220–110 кВ қосалқы станциялар қызметінің аға шебері Ілесбай Байбеков.
Бүгінде оның энергетика саласындағы еңбек өтілі 48 жылды құрайды. Бұл — мыңдаған жұмыс күні, талай күрделі өндірістік жағдай, үздіксіз ізденіс пен мол тәжірибенің көрсеткіші. Ең бастысы — бұл уақыт ішінде ол өзінің кәсіби білімімен ғана емес, еңбекке деген жауапкершілігімен де әріптестерінің құрметіне бөленді.
Ілесбай Байбековтің еңбек жолы 1978 жылы басталды. Ол кезде жас маман тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында электр мамандығы бойынша алғашқы еңбек қадамын жасады. Электр монтерінің шәкірті болып бастаған жас жігіт үшін бұл мамандықтың қыр-сырын меңгерудің алғашқы мектебі еді.
1982 жылы Шымкент энергетика техникумын «Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен қондырғылардың электр жабдықтары» мамандығы бойынша тәмамдап, электр-техник біліктілігін алды. Арнаулы білім мен өндірістегі тәжірибенің ұштасуы оның кәсіби қалыптасуына берік негіз болды.
Кейін ол электрослесарь, электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электромонтер, шебер, учаске бастығы қызметтерін атқарып, кәсіби тұрғыдан біртіндеп өсті.
Ілесбай Байбековтің еңбек жолы еліміздің бірқатар ірі кәсіпорындарымен байланысты. Ол Ащысай полиметалл комбинатында, Кентау байыту фабрикасында, Алмалық химия зауытында, Мирғалімсай байыту фабрикасындағы «АММОФОС» өндірістік бірлестігінде, «Жылу электр орталығы» мемлекеттік кәсіпорнында еңбек етті. Сондай-ақ «Спецэлектромонтаж-77» және «Спецмонтажавтоматика» ұйымдарында жұмыс істеп, электр энергетикасы саласының түрлі бағыттары бойынша мол тәжірибе жинақтады.
Әрбір кәсіпорын оның кәсіби мектебіне айналды. Әртүрлі өндірістік жағдайларда жұмыс істеп, күрделі жабдықтармен тәжірибе жинақтаған маман уақыт өте келе өз ісін жетік меңгерген білікті шебер деңгейіне көтерілді.
2014 жылдан бастап Ілесбай Байбековтің еңбек жолы «Астана-РЭК» АҚ-мен байланысты. Қазіргі таңда ол 220–110 кВ қосалқы станциялар қызметінің аға шебері қызметін атқарып келеді.
Энергетика — үздіксіздік пен жоғары жауапкершілікті талап ететін сала. Мұнда әрбір шешімнің, әрбір техникалық әрекеттің маңызы зор. Қосалқы станциялардың тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін кәсіби біліммен қатар, жинақталған тәжірибе мен қырағылық қажет.
Ілесбай Ибадоллаұлы осындай талапты жақсы түсінеді. Өндірістік жүктеме жоғары болған кезде де, шұғыл тапсырмалар туындағанда да жауапкершіліктен қашпай, әріптестеріне қолдау көрсетіп келеді.
Ол өндірістік процестерді сауатты ұйымдастырып, жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдайды. Жұмыс барысын талдап, өндірістік көрсеткіштерді жақсарту жолдарын қарастырады. Электр желілері мен қосалқы станция жабдықтарының жұмысын жетілдіруге бағытталған рационализаторлық ұсыныстар да енгізген.
Нағыз маманның ең үлкен жетістігі — өзінен кейін із қалдыруы. Ілесбай Байбеков үшін кәсіби тәжірибені жас мамандармен бөлісу — жұмыстың маңызды бөлігі.Ол еңбек жолында жинақтаған білімі мен тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, жастарға өндірістің қыр-сырын үйретуге көңіл бөледі. Жауапкершілік, тәртіп, ұқыптылық пен өз ісіне деген адалдықты жеке үлгісімен көрсетеді.
Көп жылғы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі ескерусіз қалған жоқ. Ілесбай Ибадоллаұлы бірқатар марапаттарға ие болды.
2020 жылы «ГОЭЛРО жоспарына — 100 жыл» медалімен марапатталды. 2024 жылы Астана қаласы әкімдігі тарапынан қала күніне және Қазақстан Республикасының Республика күніне орай Алғыс хаттармен атап өтілді.
Ал 2025 жылы Қазақстанның энергетика саласы қызметкерлерінің «Қазэнергокәсіподақ» салалық кәсіподағының «Құрмет белгісі» төсбелгісіне ие болды.
Ілесбай Байбековтің еңбек жолы — мамандыққа адалдықтың, еңбекке деген құрметтің және ұрпаққа үлгі болар табандылықтың тағылымды тарихы. Нағыз еңбек адамының өмірі — өзгеге үлгі, кейінгі буынға аманат.