Сала саңлағы еңбектің алдыңғы сабында

Салалық және өңірлік жаңалықтар 11.08.2026

Сала саңлағы еңбектің алдыңғы сабында

Мұқанов Серікбол Алпысбайұлы – Батыс Қазақстан облысы Сырым аудандық электр торабының бас инженері, энергетика саласында 1978 жылдан бері 50 жылға жуық абыройлы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман.

Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған Серікбол Алпысбайұлы кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында бас инженер лауазымына дейін көтеріліп, энергетика саласының білікті маманы ретінде қалыптасты. Саналы ғұмырын елді мекендерді тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге, энергетикалық жүйенің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге арнап келеді.


Ұзақ жылғы еңбек жолында жинақтаған мол тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп жүрген Серікбол Алпысбайұлы – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кәсібіне адал азамат.


Серікбол Алпысбайұлы «Батыс Қазақстандық АЭЖК» қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының мүшесі ретінде де еңбек ұжымының бірлігі мен әлеуметтік әріптестікті нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Кәсіподақтың басты құндылықтары – еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, лайықты және қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру, қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету.


Кәсіподақ мүшесі ретінде ол ұжымдық ынтымақты, өзара қолдауды және еңбек адамына деген құрметті жоғары бағалайды. Бұл – ұзақ жылдар бойы қалыптасқан еңбек мәдениетінің, жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның көрінісі.


50 жылға жуық ғұмырын энергетика саласына арнаған Серікбол Алпысбайұлының еңбегі – кейінгі ұрпаққа өнеге, жас мамандарға үлгі. Еңбекпен елге қызмет еткен азамат – саланың нағыз саңлағы!