Сейсенбі, 11 тамыз күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Орталық Азия көлік кәсіподақтары басшыларының кездесуіне және Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша кәсіподақ отырысына қатысты.
Екі күндік іс-шара 11–12 тамыз аралығында өтуде, оған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының, Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясы және аймақ елдерінің көлік кәсіподақтарының өкілдері қатысуда.
Жиынға қатысушылар халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығын дамыту, еңбек құқықтарын қорғау, қызметкерлердің қауіпсіздігі, кәсіби дайындық пен ТХКБ бойындағы трансшекаралық үйлестіру мәселелерін талқылап жатыр.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Қазақстан үшін еліміз үшін көлік саласындағы кәсіподақ қозғалысын дамытудың маңызы зор екенін атап өтті.
«Осыдан 120 жылдан астам уақыт бұрын еліміздегі кәсіподақ қозғалысының тарихы дәл осы теміржолшылар мен кеншілер арасынан басталған болатын. Сондықтан теміржол кәсіподағы — бүгінгі әлеуметтік әріптестік жүйесінің ажырамас бөлігі ғана емес, сонымен бірге Қазақстандағы жұмысшылар қозғалысы шежіресінің өте маңызды кезеңі. Біз ынтымақтастық пен еңбек адамдарын құрметтеудің іргетасын қалаған кәсіподақ ардагерлеріне зор алғыс білдіреміз», — деді Мұхтар Тінікеев.
Бүгінде Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіптік одағы 15 жергілікті кәсіподақты, 279 бастауыш кәсіподақ ұйымын және 96 мыңнан астам жұмыскерді біріктіреді. Теміржол саласында 2024–2026 жылдарға арналған салалық келісім қолданылады, ал салалық кәсіподақ ұйымдарындағы ұжымдық шарттармен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды.

Осы оң көрсеткіштерді атап өткен ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары еліміздегі жүйелі әлеуметтік әріптестіктің маңызына тоқталды.
Өз сөзінде Мұхтар Тінікеев қазіргі көлік саласында болып жатқан өзгерістерге де ерекше назар аударды.
«Бүгінде көлік саласының алдында жаңа міндеттер мен сынақтар тұр. Цифрландыру, автоматтандыру, жасанды интеллект қарыштап дамуда, сондай-ақ жүк тасымалдау бағыттары мен жұмыскерлердің біліктілігіне қойылатын талаптар да өзгеруде. Сондықтан біз бұл өзгерістерге сырттай қарап отырмай, алдын ала әрекет етуіміз керек. Кәсіподақ бұл жерде тек бақылаушы емес, белсенді қатысушы болуы тиіс. Біз жұмысшылардың құқығын қорғап қана қоймай, еңбекті ұйымдастырудың жаңа әдістерін жасауға атсалысып, қызметкерлердің білім алып, біліктілігін арттыруына жағдай жасауымыз қажет», — деп атап өтті ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Осыған орай, спикердің айтуынша, мамандарды даярлау, қайта оқыту және біліктілігін арттыру жұмыстары кәсіподақтың басты міндетіне айналуға тиіс. Жұмыскерлер заман талабына сай жаңа дағдыларды меңгеріп, технологиялық өзгерістерге оңай бейімделуі үшін тиісті жағдай жасалуы керек. Жаңа өндірістік әдістерді енгізген кезде жұмыспен қамту және еңбек жағдайлары мәселесі міндетті түрде ескерілуі қажет.

Бұдан бөлек, Мұхтар Тінікеев Қазақстан үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) алатын орны ерекше екенін айтты.
«Қазақстан үшін бұл бағыт - жай ғана экономикалық немесе инфрақұрылымдық жоба емес. Бұл - мыңдаған жұмыскерлер мен түрлі елдердің басын біріктіретін жаңа көлік негізі. Мұнда тек жүк тасымалының тиімділігі туралы ғана емес, сонымен бірге осы жолдың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отырған адамдардың қауіпсіздігі, лайықты жалақысы мен әлеуметтік қорғалуы туралы да терең ойлауымыз керек», - деді ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Оның пікірінше, халықаралық көлік жолдары кеңейген сайын, халықаралық кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастық та соғұрлым күшейе түсуі тиіс.
«Біз пайымдауымыз бойынша біртұтас көлік жүйесіне қаншама елдер мен жұмыскерлер қатысса, халықаралық кәсіподақтардың бірлігі де соншалықты мықты болуы керек. Сондықтан Орталық Азия елдерінің және ТХКБ жұмысына қатысатын мемлекеттердің теміржол кәсіподақтарының өзара байланысын тұрақты түрде дамытуды ұсынамыз», — деді Мұхтар Тінікеев.

Жиында еңбек қауіпсіздігі мәселесіне де баса мән берілді. Бұл сала үшін қауіпсіздік ең басты орында тұруы тиіс, өйткені жұмысшылардың қауіпсіздігі бүкіл тасымалдау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне тікелей әсер етіп отыр.
«Теміржол саласында кез келген кішкентай қателік үлкен қасіретке әкелуі мүмкін. Сондықтан жұмыс орнындағы қауіпсіздік мәдениеті тек жұмыс берушінің ғана емес, мемлекет пен кәсіподақтардың да ортақ жауапкершілігі болуы шарт», — деді ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары.
Жиынды қорытындылай келе, Мұхтар Тінікеев Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясымен және көршілес елдердің кәсіподақтарымен тығыз жұмыс істеуге әрқашан дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіподағының төрағасы Оразғали Ахметбаев саланың дамуы мен халықаралық кәсіподақтардың өзара қарым-қатынасы туралы өз ойын ортаға салды.
Ол қазіргі көлік жүйесі бұрынғыдан әлдеқайда жылдам дамып жатқанын, ал жаңа технологиялар мен инфрақұрылымның өзгеруі адамдардың еңбек ету сипатын да түбегейлі өзгертетінін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық көлік жолдарының кеңеюі тек тасымал көлемінің артуымен ғана өлшенбеуі керек, сонымен бірге бұл жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін де күшейте түсуі тиіс.
Салалық кәсіподақ басшысы көлік саласындағы жұмыскерлер үшін қауіпсіздік, тұрақты жұмыс орны, лайықты жалақы және кәсіби өсу мүмкіндігі саладағы оң өзгерістермен тығыз байланысты екенін айтты.

«Біздің алдымызда болып жатқан өзгерістерге сол өзгерістерді жасауға тікелей қатысу міндеті тұр. Цифрландыру, автоматтандыру және жаңа логистикалық шешімдер ертеңгі мамандықтар мен жұмысшыларға қойылатын талаптарды өзгертеді. Кәсіподақ ретіндегі біздің басты мақсатымыз — технологиялық дамудың кесірінен жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы нашарлап кетпеуін қадағалау. Керісінше, осындай өзгерістердің ортасында әрқашан қарапайым адам тұруы тиіс», — деді ол.
Оразғали Ахметбаев кәсіби тұрғыдан қайта даярлау мәселесіне де жеке тоқталды.
«Біз ертең қандай мамандықтар мен жұмыстар сұранысқа ие болатынын бүгіннен бастап ойлануымыз керек. Технология өзгерсе, онымен жұмыс істейтін адамға қойылатын талаптар да өзгереді. Сондықтан оқыту, қайта даярлау және біліктілікті арттыру жұмыстары үнемі жүріп тұруы тиіс. Кәсіподақтар жұмысшының жаңа технологиялардың алдында жалғыз қалып қоймауына толық кепілдік беруі қажет», — деді салалық кәсіподақ төрағасы.

Ол ұлттық кәсіподақтардың тәжірибесін біріктіріп, ортақ шешім шығаруда Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясының алаңы үлкен көмек беретінін жеткізді. Оразғали Ахметбаев Қазақстанның салалық кәсіподағы мұндай ортақ жұмыстарға әрі қарай да белсенді қатысып, жұмысшыларды толғандырған түйткілдерді халықаралық деңгейге көтеруге дайын екенін айтты.
Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясының (ХКФ, ITF) Бас хатшысы Стивен Коттон да көлік кәсіподақтарының бірлесіп жұмыс істеуі аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық көлік жолдарының дамуы саланың экономикасын ғана емес, мыңдаған адамдардың күнделікті еңбек жағдайын да түбегейлі өзгертеді.
ХКФ басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту экономикалық байланыстарға жол ашқанымен, кәсіподақтардың алдына жаңа міндеттер қоятынын айтты.
«Кез келген көлік жұмысының артында нақты адамдар — машинистер, жүргізушілер, порт қызметкерлері, логистика мамандары, техникалық қызметкерлер мен басқа да көптеген азаматтар тұр. Олардың еңбегі қауіпсіз, әділ төленетін және толықтай қорғалған болуы тиіс. Көлік жолдарын дамыту әрқашан адамдарға лайықты еңбек жағдайын жасаумен бірге жүруге тиіс», — деді ол.
Стивен Коттон салалық өзгерістер кезінде жұмысшылар мен олардың өкілдері бұл үдеріске міндетті түрде қатысуы керектігін айтты.

Оның сөзінше, халықаралық көлік бағыттары қарқын алған тұста Орталық Азия елдерінің көлік кәсіподақтарының ынтымақтастығы ерекше маңызға ие болады.
«Біз үшін ұзақ мерзімге серіктес болу алу маңызды. Біз кәсіподақ жетекшілерін оқытуға, тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық көлік тізбектеріндегі кәсіподақтардың ықпалын күшейтуге әрқашан дайынбыз», — деді Стивен Коттон.

Ол Астанада өткен бұл кездесу өңірдегі көлік кәсіподақтарының алдағы нақты қадамдары мен тығыз жұмысы үшін мықты негіз болатынына сенім білдірді.
Жиынның бірінші күні аясында кәсіподақтардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Онда қатысушылар көлік саласындағы қазіргі жағдайды, туындаған қиындықтар мен алдағы өңірлік байланыстардың болашағын талқылады.
Арнайы сессия Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясы Конгресінің Орталық Азиядағы шешімдерін жүзеге асыруға арналды. Жиында жұмысшылардың құқықтары, теңдік, теміржол қауіпсіздігі, тұрақты даму және тауар жеткізу тізбегіндегі жауапкершілік мәселелері қарастырылды.
Бағдарламаның тәжірибелік бөлігінде қатысушылар елдер арасындағы көлік саласындағы байланыс пен ТХКБ жобасын дамыту жолдарын талқылады. Кәсіподақ өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, теміржол, автомобиль, логистика және басқа да көлік түрлері бойынша бірге атқаратын жұмыстарды ортаға салды.
Орталық Азия көлік кәсіподақтары басшыларының кездесуі және ТХКБ бойынша жиын 12 тамызда да өз жалғасын табады. Бағдарлама бойынша ертең қатысушылар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Инновациялық орталығына барады және Транскаспий дәлізіндегі теміржолшылардың кәсіподақ желісін құру мәселесін талқылайды.
Сонымен қатар қатысушылар теміржол арқылы жүк тасымалдауды жақсарту, жеткізу тізбегі, инвестиция тарту, жұмысшылар құқығы, шекарааралық тасымалдар және еңбек стандарттарының сақталуын тексеру сияқты маңызды мәселелерді қарастыратын болады.

Анықтама: Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясы (ХКФ, International Transport Workers’ Federation - ITF) -150 елдегі 16,6 миллион жұмысшының мүддесін қорғайтын 760 кәсіподақты біріктіретін жаһандық ұйым. Бұл ұйым 1896 жылы құрылған, оның бас кеңсесі Ұлыбританияның Лондон қаласында орналасқан. ХКФ теміржол, әуе, теңіз, порт, автомобиль, қалалық көлік, сондай-ақ балық шаруашылығы мен туризм салаларындағы жұмысшылардың кәсіподақтарын біріктіреді. Федерация жұмысшылардың мүдделерін халықаралық деңгейде қорғап, кәсіподақ бірлігін дамытуға, еңбек құқықтарын қорғауға, қауіпсіздікті күшейтуге және көлік саласындағы жұмыс жағдайын жақсартуға жан-жақты жәрдемдеседі.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы