12 тамыз, сәрсенбі күні ҚРКФ орталық кеңсесінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясының (ХКФ) Бас хатшысы Стивен Коттонмен кездесті.

Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясы — әлемнің 150 еліндегі 16,6 миллион еңбек адамының мүддесін қорғайтын 760 кәсіподақтың басын қосқан жаһандық ұйым. 1896 жылы құрылған бұл ұйымның бас кеңсесі Ұлыбританияның Лондон қаласында орналасқан. ХКФ құрамында теміржол, авиация, теңіз, порт, автомобиль және қалалық көлік, сондай-ақ балық шаруашылығы мен туризм саласының кәсіподақтары бар. Ұйым халықаралық деңгейде жұмыскерлердің мүддесін білдіріп, кәсіподақ ынтымақтастығын дамытуға, еңбек құқықтарын қорғауға, қауіпсіздікті арттыруға және көлік саласында лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Кездесуде тараптар көлік саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, өндірістік қауіпсіздік пен лайықты жалақы төлеу, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, саланы цифрландыру және жасанды интеллекттің еңбек саласына тигізетін әсерін талқылады.
.jpeg)
Халықаралық ұйым жетекшісінің бұл сапары 11–12 тамызда Астанада өтіп жатқан Орталық Азия көлік кәсіподақтары басшыларының кеңесімен тұспа-тұс келді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы бұл кездесудің қазақстандық кәсіподақ қозғалысының халықаралық байланыстарын нығайтудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы елдегі ең ірі қоғамдық ұйым екенін атап өтті. Ол 2 миллионға жуық кәсіподақ мүшесін, 24 салалық кәсіподақты, 20 аумақтық бірлестікті және 17 мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіреді.
Көлік саласына тоқталған ҚРКФ төрағасы бұл саланың Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының қалыптасу тарихымен тығыз байланысты екенін тілге тиек етті.
«Кәсіподақтар федерациясы қызметінің негізгі бағыттары бүкіл әлемдік кәсіподақ қозғалысына ортақ. Өткен жылы біз Съезд өткізіп, 2025–2030 жылдарға арналған қызмет стратегиясын қабылдадық. Соған сәйкес қазір халықаралық бағыттағы жұмысымызды қарқынды жүргізіп келеміз. Халықаралық еңбек ұйымымен, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен және жаһандық кәсіподақтармен тығыз әріптестік орнаттық. Бүгінгі кездесу де Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясымен ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдетеді деп сенемін. Өткен жылы ел тарихында алғаш рет еуропалық кәсіподақтарға арналған Жазғы мектеп ұйымдастырдық, оған Еуропа мен Азияның 50-ден астам ұлттық кәсіподақ орталығы қатысты», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты туралы сөз қозғаған Сатыбалды Дәулеталин көлік инфрақұрылымын дамытуды тек инвестиция, жүк тасымалы мен экономикалық көрсеткіштермен шектеуге болмайтынын жеткізді.

«Бұл инфрақұрылымның, инвестиция мен жүк ағынының артында бүкіл жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отырған мыңдаған еңбек адамы тұрғанын анық түсінеміз. Біздің ұстанымымыз айқын әрі өзгеріссіз қалмақ. Көлік дәлізі тек тасымал жылдамдығымен шектелмей, ең бастысы, әрбір жұмыскер үшін әділ әрі қауіпсіз болуы керек. Федерация халықаралық көлік байланыстарын дамытуды дәл осы тұрғыдан — еңбек құқықтарын сақтау және қауіпсіз еңбек жағдайын жасаумен қатар жүретін іс деп санайды», — деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Сонымен қатар Сатыбалды Дәулеталин Стивен Коттонға елде өтіп жатқан «Қуатты кәсіподақ — еңбек адамының қуатты үні» атты ауқымды науқан туралы баяндады.
«Бұл бастамада біз бастауыш кәсіподақ ұйымдарына басымдық береміз. Науқан аясында құқықтық көмек көрсетіп, еңбек қауіпсіздігі күндерін өткіземіз, кәсіподақ өкілдерін оқытып, цифрлық қызметтерді дамытып жатырмыз. Бұл тәсіл көлік саласы үшін де өте маңызды деп есептейміз», — деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Саланың өзіндік ерекшелігіне тоқтала отырып, Сатыбалды Дәулеталин көлік саласының қызметкерлері әртүрлі аймақта жұмыс істейтінін, ал қазіргі тасымал тізбегі жиі бір елдің шекарасынан шығып кететінін атап өтті.

«Еңбек тізбегі күн санап халықаралық сипат алуда. Бұл ретте біз үшін ең басты басымдық — еңбек қауіпсіздігі мен лайықты жалақы», — деп түйіндеді Қазақстан кәсіподақтар көшбасшысы.
Сөз арасында ҚРКФ төрағасы еңбекақы төлеу мәселелеріне де тоқталды. Ол Қазақстанның Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы ХЕҰ-ның №131 конвенциясын ратификациялағанын еске салды.
«Өткен жылы Қазақстан ХЕҰ-ның №131 конвенциясын бекітті. Бұл Кәсіподақтар федерациясының жүйелі жұмысының маңызды нәтижесі болды. Ендігі міндетіміз — оны іс жүзінде орындау, жалақыны белгілеу және индексациялау механизмдерін жетілдіру. Соңғы бес жылда Қазақстанда ең төменгі жалақы екі есе өсті. Десе де, кәсіподақтар еңбекақы жүйесін одан әрі дамытып, оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытындағы жұмысты тоқтатпайды. Бұл бағытта біз әлеуметтік әріптестермен тығыз жұмыс жасаудамыз», — деді ҚРКФ төрағасы.
Кездесудің тағы бір маңызды тақырыбы — Қазақстанның жаңа Конституциясы болды. Сатыбалды Дәулеталин конституциялық реформа барысындағы Федерацияның үлесі туралы айтып, еңбек құқығының Ата Заңда нақтылап бекітілуінің маңызын атап өтті.
«Еліміздегі елеулі оқиғалардың бірі — жаңа Конституцияның қабылдануы. Біз соның ішінде еңбек құқығы туралы норманы заңнамалық деңгейде бекітуге қол жеткіздік. Ендігі міндет — бұл норманың күнделікті өмірімізде толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Негізгі заңдағы еңбек кепілдіктері азаматтарды қорғаудың нақты механизмдерінен және кәсіподақтардың күнделікті жұмысынан көрініс табуы тиіс», — деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Сонымен бірге Сатыбалды Дәулеталин технологиялық өзгерістер мен еңбек нарығының болашағына тоқталды. ҚРКФ төрағасы көлікті цифрландыру мамандықтарға, жұмыс процесін ұйымдастыруға және қызметкерлердің біліктілігіне қойылатын талаптарға тікелей әсер етіп жатқанын жеткізді.
«Технологиялық даму адамның мүддесін ығыстыру немесе еңбек құқықтарын бұзу есебінен жүрмеуі керек. Кәсіподақтар еліміздегі түрлі салалардың цифрлық қайта құрылу ісіне белсенді араласуы тиіс. Біз Бас кеңесте Жасанды интеллектті қолдану кезінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандартын әзірлеп, бекіттік. Сонымен қатар бұл стандарттарды бас келісімдерге, өңірлік және ұжымдық шарттарға енгізу үшін арнайы ұсынымдар да дайындадық», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өз кезегінде ХКФ Бас хатшысы Стивен Коттон Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясының Қазақстанмен және Орталық Азия кәсіподақтарымен әріптестікті дамытуға, соның ішінде ҚРКФ әзірлеген Стандартты халықаралық салалық алаңдарда ілгерілетуге мүдделі екенін білдірді.

«Біздің мақсатымыз — жұмыскерлердің құқықтарын сақтаудың маңызын түсінетін, тиімді ұжымдық шарттары бар әрі Халықаралық еңбек ұйымының талаптары мен стандарттарын құрметтейтін компанияларға қолдау көрсету. Біз Шри-Ланкада өтетін алдағы іс-шарада жасанды интеллектті қолдану кезінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бойынша Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының тәжірибесін таныстыруға дайынбыз», — деді ХКФ Бас хатшысы.
Сондай-ақ Стивен Коттон Орталық Азия кәсіподақтары арасындағы өңірлік ынтымақтастықтың болашағына тоқталды. Ол аймақтағы кәсіподақтар ықпалдастығын дамытудағы Қазақстанның маңызды рөлін атап өтіп, бірлескен жұмыстың одан арғы бағыттарын талқылауды ұсынды.
«Бүгін біз өңіраралық тығыз ынтымақтастықтың негізін қалауға дайынбыз. Қазақстанның халықаралық кәсіподақ қозғалысындағы беделі жоғары, сондықтан бұл біз үшін өте маңызды. Бұл ынтымақтастықтан зор мүмкіндіктерді көріп отырмыз. Бұдан бөлек, «Қазпрофжел» салалық кәсіподағының төрағасы Оразғали Ахметбаев — ХКФ Атқарушы комитетінің мүшесі. Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытудың аймақ үшін маңызы өте зор. Егер еңбек құқықтарын қорғау, компаниялармен өзара іс-қимыл жасау немесе еңбек қатынастарын дамыту мәселелерінде көмегіміз қажет болса, ХКФ бірлесе жұмыс істеуге әрдайым дайын», — деді Стивен Коттон.

Кездесу барысында Сатыбалды Дәулеталин тек ҚРКФ мен ХКФ арасында ғана емес, бүкіл өңірдегі көлік кәсіподақтары арасындағы байланысты дамыту бастамасын толық қолдады.
«Біз Орталық Азияның басын қосып, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар конфедерациясын құрдық. Мен бұл салалық ынтымақтастықты дамытуға жеке қолдау көрсетуге дайынмын. Кәсіподақ көшбасшыларымен өтетін келіссөздер бұл бастаманы ілгерілетуге қосымша мүмкіндік береді», — деді ҚРКФ төрағасы.
.jpeg)
Кездесу соңында тараптар Орталық Азиядағы кәсіподақ байланыстарын дамыту, өңірдегі көлік кәсіподақтарымен қарым-қатынасты нығайту және сала жұмыскерлерінің еңбек құқықтарын қорғаудың бірлескен тәсілдерін әзірлеу бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы