Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қуатты кәсіподақ - еңбек адамының қуатты үні» атты бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқан өз жалғасын табуда. Аталған науқанның негізгі мақсаты - еңбек адамдарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтіп, кәсіподақтардың қызметін халыққа жақындату.
Осы науқан аясында бүгін «Кәсіподақ жаныңда - азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» акциясы ұйымдастырылды.
Акция барысында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев ЖК «Акбарович-2» еңбек ұжымының қызметкерлерімен кездесіп, қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдау барысында еңбек ұжымының қызметкерлері өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, еңбек қатынастары, қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері, еңбек заңнамасының талаптары және кәсіподақтық қорғау бағыттары бойынша сауалдарын қойды.
Айдар Бахтыбаев әрбір мәселенің маңыздылығына тоқталып, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау - кәсіподақ жұмысының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар азаматтарға қолданыстағы заңнама аясында түсіндірмелер беріліп, көтерілген мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар айтылды.
Мұндай қоғамдық қабылдаулар еңбек адамымен тікелей байланыс орнатып, оның талап-тілегін тыңдауға және нақты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте кәсіподақтың басты күші - еңбек ұжымымен тығыз байланыста болып, қызметкерлердің заңды мүддесін қорғауда.
«Қуатты кәсіподақ - еңбек адамының қуатты үні» науқаны аясындағы осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға және еңбек адамының үнін тиісті деңгейде жеткізуге бағытталатын болады.