Абай облысы Кәсіподақтар орталығы ауыл жастарының бастамаларын қолдауға мүдделі

Салалық және өңірлік жаңалықтар 13.08.2026

Абай облысы Кәсіподақтар орталығы ауыл жастарының бастамаларын қолдауға мүдделі

Бүгін жұмыс сапары аясында Абай облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Қуаныш Сүлейменов Жарма ауданына барып, ауыл шаруашылығы саласындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жастарымен кездесу өткізді.

Ауыл шаруашылығы – Абай облысы экономикасының негізгі бағыттарының бірі. Алайда бүгінде ауылдық жерлерде жас мамандар тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Әсіресе агрономдар, ветеринарлар,  механизаторлар, инженер-механиктер, зоотехниктер, өсімдік және мал шаруашылығы саласының мамандарына сұраныс жоғары.
Кездесу барысында Қуаныш Сүлейменов жастарға ауылдық аумақтарды дамытуға және жас мамандарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар ұсынатын мүмкіндіктер туралы айтып берді.


Осы ретте ол  Абай облысының әкімі Берік Уәлидің жастарды қаладан ауылға тартуға бағытталған «Қаладан ауылға» бастамасына ерекше назар аударды. Аталған бастама және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарға түрлі мемлекеттік қолдау шараларын, субсидиялар мен жеңілдіктерді пайдалануға мүмкіндік бар екенін де атап өтті..
Кездесу барысында жастар  мемлекеттік қолдаудың жекелеген шараларын пайдалана алатын мамандықтар тізіміне қатысты мәселені көтерді.
Атап айтқанда, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы және қоныс аударуды қолдау тетіктері аясындағы мамандықтар тізімі ауыл шаруашылығының нақты қажеттіліктеріне толық сәйкес келе бермейтіні, қолданыстағы тізімде негізінен ветеринар мамандарын қолдау қарастырылған, ал ауыл үшін аса қажетті агрономдар, механизаторлар, тракторшылар, инженер-механиктер, зоотехниктер, өсімдік және мал шаруашылығы мамандары сияқты кадрлар қамтылмағаны туралы пікірлерін ортаға салды.  Сонымен қоса, ауыл шаруашылығына мамандар қажет, жастар аудандарда еңбек етіп, дамуға дайын, мемлекеттік қолдау бағдарламалары бар, алайда сұранысқа ие барлық мамандық иелері қолданыстағы шараларды пайдалана алмай отырғанын да тілге тиек етті.


Осыған байланысты Абай облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Қуаныш Сүлейменов жергілікті атқарушы органдарға тиісті ұсыныстар енгізу қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларында дипломы бар, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген мамандарды, сондай-ақ ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілерін ынталандыру.


Кездесу соңындағы негізгі ұсыныс – өңірлердің нақты кадрлық қажеттіліктерін ескере отырып, ауыл жастарын мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік беретін мамандықтар тізімін өзектендіріп, кеңейту болды.
Кәсіподақтар үшін бұл да маңызды жұмыс бағыттарының бірі. Себебі лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және жас мамандарды ауылға тарту ауылдық аумақтардың болашағымен тікелей байланысты.
Қуаныш Сүлейменов бұл мәселені жеке бақылауында ұстайтынын атап өтті.
Ауылды жас мамандарсыз дамыту мүмкін емес. Сондықтан жастардың ауданға келіп, мемлекеттік қолдауға ие болуына, жұмысқа орналасуына және өз болашағын туған жерімен байланыстыруына нақты мүмкіндік жасау қажет.