ҚРКФ әлеуметтік әріптестермен бірлесіп жаңа оқыту бағдарламасын іске асыруда

Федерация жаңалықтары 19.08.2026

ҚРКФ әлеуметтік әріптестермен бірлесіп жаңа оқыту бағдарламасын іске асыруда

Сәрсенбі күні, 19 тамызда ҚР Кәсіподақтар федерациясы,«Парыз» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы, «Әділет» партиясының Саяси менеджмент академиясы және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің қатысуымен ресми кездесу өтті.

Жиынға ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, «Әділет» партиясының Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсенова, «Парыз» жұмыс берушілер конфедерациясының Төрағасы Жұмабек Жанықұлов, ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Төрағасы Мейрамбек Ахметов және сарапшылар қауымдастығы қатысты.

Кездесуде еңбек саласындағы мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған «Еңбек құқығы саласындағы басқарушылық құзыреттерді дамыту» атты жаңа оқыту бағдарламасы таныстырылып, оны жүзеге асыру жолдары қарастырылды. Тараптар бірінші кезекте оқытылатын кәсіпорындардың тізімін айқындау, сондай-ақ жобаға білікті дәріскерлерді іріктеу мәселелерін талқылады.

 

Таныстырылған 8 модульдік білім беру бағдарламасы еңбек заңнамасының негіздерінен бастап HR-тәжірибе, еңбек шартын цифрландыру, қашықтан жұмыс істеу және платформалық қамту сияқты заманауи бағыттарды толық қамтиды.

Бағдарламаның мазмұны мен іске асу тетіктерін «Әділет» партиясының Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсенова баяндап берді.

«Бұл курста құрғақ теория емес, нақты өмірдегі мысалдар талданады. Мәселен, еңбек шарты жасалмаған жағдайда да жұмысқа жіберу, келісімшартты рәсімдеу сияқты күрделі мәселелерде жұмыс берушінің, жұмыскердің, кәсіподақтың, HR-қызметтің, еңбек инспекторы мен келісу комиссиясының әрекет ету жоспары айқындалады Материалдардың барлығы цифрлық форматта жасалған. Оқыту «теория - тәжірибелік тапсырма - тестілеу - білімді бағалау» жүйесі бойынша жүреді. Егер тестілеу нәтижесі төмен болса, қатысушыға қосымша тапсырмалар беріліп, білімі тереңдетіледі», - деді Тамара Дүйсенова.

 

Академия директоры жобаның алдағы жоспарларына да тоқталды.

 

«Қазірдің өзінде 30-ға жуық мекеме қызығушылық білдіріп отыр. Сонымен бірге, еңбек құқығы кафедрасы бар 54–60 университетті жобаға тарту жоспарда бар. Мақсатымыз - қатысушылардың еңбек дауларын заң аясында шешуді тәжірибе жүзінде үйрету. Дайындалған деректер сараптамадан өткен соң ресми оқу құралы ретінде бекітіледі. Жоба кәсіподақ мүшелеріне де, жұмыс берушілерге де, мемлекеттік орган өкілдеріне де пайдалы болмақ»,  - деді ол.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев бүгінгі еңбек нарығындағы цифрландыру мен жасанды интеллекттің рөліне, сондай-ақ жұмыскерлердің құқықтық сауаттылығын арттырудың маңызына тоқталды.

«Кәсіподақтар еңбек адамы уақыт көшінен қалмай, заман талабына сай болуы үшін оны ұдайы оқытып, кәсіби тұрғыда шыңдап отыруды басты ұстаным етеді. Бүгінде цифрландыру өндіріс пен еңбек қатынастарының ажырамас бөлшегіне айналды. Осындай бетбұрыс шақта жұмыскерлердің цифрлық дағдылары мен құқықтық сауаттылығын арттырудың маңызы ерекше», - деді Мұхтар Тінікеев.

Мұхтар Тінікеев 2020–2025 жылдар аралығында ҚРКФ мен оның аумақтық ұйымдары 135 мыңнан астам адамды қамтыған 2 760 оқыту семинарын өткізгенін мысалға келтірді. Осы жылдар ішінде «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі», «Білім беру марафоны» және «Құқықтық жаппай оқыту» сияқты ауқымды жобалар сәтті жүзеге асты. Ал 2025 жылдың соңында «Кәсіподақ жұмысында жасанды интеллектіні қолдану» білім беру марафоны бастау алып, өндіріске ЖИ енгізу кезінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандарты әзірленді.

«Цифрлық өзгерістер міндетті түрде білім беру жүйесінің жаңартылуымен қатар жүруі тиіс. Біз жұмыскердің білігін үнемі арттырып, жұмыс берушінің маман сапасын арттыруға қаржы бөлетін, ал кәсіподақтың заманауи еңбек мәдениетін қалыптастыруға атсалысатын жаңа еңбек жүйесін құруымыз керек. Бүгін еңбек адамын оқыту арқылы біз оның ертеңгі мүмкіндігіне жол ашамыз», -деп түйіндеді Мұхтар Тінікеев.

 

Кездесу соңында тараптар жаңа білім беру бағдарламасын сәтті жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер мен академиялық ортаның күш-жігерін біріктіруге келісті.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы